Музей-қорықтың нумизматикалық жәдігерлер қорында Бұхара Әмірлігінің билеуші әулеті — Маңғыттардың 3-ші билеушісі Шах-Мурад билігі тұсынан, Ресей империясының құрамына енгеннен кейін, ақша шекімелеуге тиым салынған 1901 жылға дейінгі аралықтағы тангалар жинақталған.
Нумизматикалық қордағы Бұхара әмірлігінің күміс тангалар қоры 1182/1768-1769 жылдан Әмірлікке қарасты болған жерлердің толықтай Кеңестер өкіметінің құрамына өткенге дейінгі уақыт аралығында соғылып отырған 365 дана күміс тангалардан тұрады. Бухара әмірлігінің тангалары 10/9 сынамдағы күмістен соғылған. 13-17 мм. аралығын құрайтын көлемдері кішірек болса да металының қалыңдығы 2-3 мм. құрайтындықтан орташа салмақ көрсеткіштері едәуір үлкен (3,100 грамм).
Әдетте, Бухара әмірлігінің тангаларының көлемдерінің оларды соғуға арналған штемпельдерден кіші болуына байланысты, бедер іздері тиын шеңберіне толық түспей отырады. Осыған орай, ол кезеңнің тангаларының беттеріне түсіріліп отыратын бедер іздерінің толықтай реконструкциясын жасау қиындық туындатады.
Бұхара әмірі Шахмурадтың билігі тұсында жүргізілген ақша реформасынан кейін соғылған тангалардың екі бетіне де сандармен көрсетілген соғылған жылдық көрсеткіштер түсіріліп отырған. Қорда жинақталған тангаларды зерттеу барасында тиындардың екі бетіне де түсіріліп отырған жылдық көрсеткіштердің біршамасында екі түрлі жыл көрсетілген. Әдетте, бұл екі көршілес жылдар сандарынан тұрады.
Маңғыттар билігі тұсында Бұхара әмірлігінде өзіне дейінгі билеуші әулеттер тұсындағыдай сауда айналымында алтын (тилла, ашрафи), күміс (танга) және мыстан (фельс) соғылған ақшалар жүрген. Мыс ақшалар халық арасында «пұл», «мыс пұл» немесе, «қара пұл» деп те аталған.
Ақша соқтыру құқығына тек Әмір ғана ие болған. Ақша соғу ісі, әмірліктегі ең маңызды шаралардың бірі болғандықтан, ақша сарайы міндетті түрде әмірдің қамалының ішінде ғана іске асырылған. Әмір сарайының бір бөлігінде орналастырылған бұл орын «Кархана», «Сиккахана» немесе, «Зарбхана» деп аталған.
Бухара әмірлерінің сарайларын зерттеген О.А.Сухарева, сол тұстағы ақша шекімесін зергерлік ісінің бір бөлігі ретінде қарастырып, сарай ішіндегі шеберхана екіге бөлініп, «Карханоий танга» деп аталатын бөлігінде ақша шекімесі іске асырылып отырған деп атап өтеді. Ақша сарайы алтын немесе күміс сияқты құнды металдармен жұмыс жасайтын зергерлік шеберханалары сияқты жыл бойы үздіксіз жұмыс жасамай, белгілі мөлшердегі ақшаны соғып болған соң, жұмысын уақытша тоқтатып отырған. Д.А. Журковскийдің жазбалары бойынша ақша сарайы қызметі жылына екі рет белсенді жүріп, қалған уақытта тоқтатылып отырған.
Маңғыттардың алғашқы билеушілері тұсында ақшалар өздеріне дейінгі билеуші әулет – Жанидтер ақшаларынан тек беттеріне түсіріліп отырған билеушілер аттарымен ғана ерекшеленіп, сынам, салмақ көрсеткіштері ешқандай өзгеріске түспей, сол қалпында сақталып отырған болатын. Тек, маңғыттар әулетінің 3-ші билеушісі Шах-Мурад билік басына келген алғашқы жылы (1200/1784-1785 ж.) алдыңғы кезеңдердегі ақша ісі мен ақша типінен мүлдем бөлек ақша түрін айналымға жіберген ақша реформасы іске асырылды. Іске асырылған реформа бойынша ақшаның салмағы, сынамы, көлемі, шекімелеу техникасы, беттеріне түсіріліп отыратын жазбалардың мазмұны толықтай өзгеріске ұшырады.
Шах-Мурад жүргізген ақша реформасы бойынша тангалар таза күмістен, 0,7 мысқал (3,36 г.) салмақта соғылып, бұған дейін түрлі сынамда соғылып отырған тангалардың барлығы айналымнан шығарылып тасталды. Алтын тиллалар да дәл осы салмақта айналымға ендіріліп, бұдан былайғы сауда ісі тек тангалармен ғана емес, алтын тиллалармен де іске асырылуына жағдай жасады.
Шах-Мурад жүргізген ақша реформасы тұсында соғылған ақшалардың реформаға дейін айналымда болған ақша түрлерінен басты ерекшеліктері, алдыңғы кезеңдерде эмитент аты түсіріліп отырған бетке билеушінің өз есімі емес, әулет билігін құрушы Мухаммед Рахим бидің аты «мархум» эпитетімен түсіріліп отырған. Одан бөлек ақшаның келесі бетіне түсіріліп отырған діни мазмұндағы жазбалардың орнына ақша сарайының атауы – «Зарб Бухара-и Шариф» жазбасымен алмастырлды.