МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МУЗЕЙ ҚОРЫ ЖҮРГЕНОВТІҢ ХАТТАРЫМЕН ТОЛЫҚТЫ (Т.ЖҮРГЕНОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 125 ЖЫЛ)

Биылғы жылы қазақтың ардақты ұлдарының бірі Жүргенов Темірбек Қараұлының туғанына 125 жыл толып отыр. Жүргеновтің өмір деректерінде туған күні нақты көрсетілмесе де, қараша айы туған айы ретінде аталады. Темірбек Жүргеновтің туған айында, белгілі мемлекет қайраткерінің Ясауи кесенесін сақтауға, жәдігерлерін жинақтауға атсалысқан бірқатар еңбегіне тоқталып өтсек дейміз.

Музей-қорық мамандары жүргізіп жатқан ғылыми жобалары барысында ҚР Президентінің архивінен бірқатар құжаттарының көшірмелерін алу мүмкіндігі туды. Осы орайда, архивтегі әріптестерімізге зор алғысымызды білдіреміз келеді. Президент архивінде Темірбек Жүргеновтің Ясауи кесенесіне реставрация жүргізуге мамандар шақыру, қаржы бөлгізу және Эрмитажға әкетілген Тайқазанды кесенеге қайтару мәселелері бойынша бірнеше құжаттар сақталған. Оның алғашқысы 141 қор материалындағы 1935 жылдың маусым айында Өлкелік комитеттің екінші хатшысы Садық Нүрпейсовке жазылған хат. Хат мазмұнында Жүргенов құнды ескерткіштің күйреуге жеткен күйі туралы баяндай келіп, 1934 жылы Ленинградтағы (Санкт-Петербург) Материалдық Мәдениет академиясына Түркістандағы кесенеге жөндеу және реставрациялау жұмыстарын жүргізу үшін смета жасау, әрі қарай сол жұмыстарды жүргізу туралы өтініш жазғанын, академия смета жасап, 1935 жылы реставрация жұмыстарын бастауға дайын отырғанын жазады. Әрі қарай, 1935-1936 жылдары жалғасатын жұмыс үшін қаржы сұраған. Хат соңында  Халық ағарту комиссары Жургенев (Жүргенов) деп қол қойылған. Сол қордағы екінші құжат, КАССР Халық комиссарлары кеңесі мәжілісінің 1935 жылғы 7 маусым күнгі хаттамасынан көшірме. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жөндеу-реставрация жұмыстарын қаржыландыру туралы мәселе қаралып, Түркістандағы кесененің тарихи құндылығын ескере отырып, 1936 жылға қажетті қаржыны Мемлекеттік жоспарға енгізу туралы шешім қабылданғандығы жазылған.

Аталған екінші мәселе бойынша 708 қорда Бүкілодақтық коммунистік партия Орталық Комитетінің Ғылым, ғылыми-техникалық өнертабыстар және ғылыми жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі К.Я. Бауманға Бүкілодақтық Өнер істері комитетінің төрағасы Керженцевтің,  Мемлекеттік Эрмитаж директоры Иосиф Орбелидің жазған хаттарының куәландырылған көшірмесі, сондай-ақ Бауманның БКП /б/ Қазақстан Өлкелік комитетінің хатшысы Мирзоянға жазған 1937 жылғы хаттары сақталған.  Құжаттар арасында Темірбек Жүргеновтің жазған хаты болмағанымен «Жургенев жолдастың Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссави мешітіне 1935 жылы Мемлекеттік Эрмитажға жөнелтілген қазан мен екі шырағданды қайтару туралы өтінішіне байланысты академик Орбели мен жолдас Керженцевтен қорытынды талап еттім, оларды осы хатқа қоса тігіп отырмын», деп басталатын Бауман хатының мазмұнынан Т.Жүргенов хатына жауап жолдап отырғанын көреміз. Бауман әрі қарай хатты «Жеке өз басым бұл көненің көзі ескерткіштердің Ленинградта, Мемлекеттік Эрмитажда қалғанын дұрыс көремін. Компенсация мәселесін жолдас Жургенев пен жолдас Керженцев жеке шешуін ұсынамын», деп аяқтаған.

Хатқа 17 сәуір 1937 жылы қол қойылған. Сол жылдың 3 тамызында Темірбек Қараұлы «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып кетті. Бұл жерде еріксіз, кесенеге тиесілі Тайқазан, екі шырағданды қайтару мәселесін  ұсталып кетуіне байланысты аяқтай алмады ма екен, деген ой мазалайды …

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығы 2023 жылдың 24 ақпанында Жүргеновке арналған ауқымды дөңгелек үстел шарасын өткізген болатын. Арнайы шақырылған қонақтармен келісе отырып белгілеген күнді де жай сәйкестік деп айтуға болмас, яғни 85 жыл бұрын 25 ақпанда ату жазасына кесілген күн қарсаңында өткізілген іс-шарада көптегін тың деректер мен ойлар айтылды. Темірбек Жүргеновтің өміршең мұрасын, қайраткерлік күресін, ағартушылық қызметін насихаттауды мақсат еткен дөңгелек үстел шарасы барысын «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының  әлеуметтік желідегі парақшасынан қарауға болады.

(https://www.facebook.com/profile/100079859354798/search/…).

Жыл басында ардақты есімді алғашқылардың қатарында асыға атап өтуіміздің негізсіз еместігін, Жүргеновтің қызметінің бір парасы Ясауи кесенесін Халық ағарту комитетінің қамқорлығына алуы, кесененің жөндеу-реставрациялау жұмыстарына мамандар шақырып, қаржы бөлгізуі, тарихи жәдігерлеріміздің қайтарылуына әрекет етуі сынды еңбектерімен байланыстырып қарауға болады.

Мұрат Тастанбеков, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының орынбасары.

Алдыңғы ақпарат

КЕСЕНЕНІҢ СОЛТҮСТІК ФАСАДЫНДАҒЫ ЖАЗУЛАР

Келесі ақпарат

АҢ БЕЙНЕЛІ ШЫРАҒДАН