
Музей-қорықтың нумизматикалық жәдігерлер қорында Бұхара Әмірлігінің 1182/1768-1769 жылдан Кеңестер өкіметінің құрамына толықтай өткенге дейінгі аралықты қамтитын 365 дана күміс тангалары сақтауға алынған. Тангалар 10/9 сынамадағы күмістен соғылған. Көлемдері: 13-17 мм. аралығында. Салмақтарының орташа көрсеткіштері – 3,100 г.
800-900 сынамдық күмістен соғылған бұл тангалардың көлемдері алдыңғы кезеңдегі тангалардан кіші (13-17 мм. аралығы), пластинасы қалың (2-3 мм. құрайды). Әдетте, Бухара әмірлігінің тангаларының көлемдерінің оларды соғуға арналған штемпельдерден кіші болуына байланысты, бедер іздері тиын шеңберіне толық түспеген. Сол себепті, ол кезеңнің тангаларының беттеріне түсіріліп отыратын бедер іздерінің толықтай реконструкциясын жасау қиындық туғызып отыр.
Музей қорында Маңғыттар әулетінің 3-ші билеушісі Шах-Мурад билігі тұсынан, Ресей империясының құрамына еніп, Бұхараның жеке ақша шекімелеуіне тиым салынған 1901 жылға дейінгі аралықтағы тангалар жинақталған.
Тангаларды зерттеу барасында тиындардың екі бетіне де түсіріліп отырған жылдық көрсеткіштердің біршамасында екі түрлі жыл көрсетілген. Әдетте, бұл екі көршілес жылдардың қатары.
Бұхара әмірлігін, маңғыт тайпасынан шыққан билеуші Мұхаммед Рахим 1756 жылы құрған болатын. Ол, 1756 жылы бұхаралық үстемтап өкілдері және дін қызметкерлерінің келісімімен хан тағына отырады. Осы кезеңнен бастап тарихта маңғыттардың билеуші әулетінің тарихы басталады.
Маңғыттар билігі тұсындағы сауда айналымында өзіне дейінгі билеуші әулеттер тұсындағыдай сауда айналымында алтын (тилла, ашрафи), күміс (танга) және мыстан (фельс-фулус) соғылған ақшалар жүрген. Мыс ақшалар халық арасында «пұл», «мыс пұл» немесе, «қара пұл» деп те аталған.
Ақша соқтыру құқығы әмірде ғана болған. Ақша соғу ісі, әмірліктегі ең маңызды шаралардың бірі болғандықтан, ақша сарайы міндетті түрде әмір сарайының ішінде ғана іске асырылған. Бұл орын «Кархана», «Сиккахана» немесе «Зарбхана» деп аталған.
Бухара әмірлерінің сарайларын зерттеген О.А.Сухарева, сол тұстағы ақша шекімесі зергерлік ісінің бір бөлігі ретінде қарастырылып, сарай ішіндегі зергер шеберхана екіге бөлініп, «Карханоий танга» деп аталатын бөлігінде ақша шекімесі іске асырылып отырған деп атап өтеді. Ақша сарайы алтын немесе күміс сияқты құнды металдармен жұмыс жасайтын зергерлік шеберханаларындай жыл бойы үздіксіз жұмыс жасамай, белгілі мөлшердегі ақшаны соғып болған соң, жұмысын уақытша тоқтатып отырған. Д.А. Журковскийдің жазбалары бойынша ақша сарайы қызметі жылына екі рет қана белсенді жүрген.
Маңғыттардың алғашқы билеушілері тұсында ақшалар өздеріне дейінгі билеуші әулет – Жанидтер ақшаларынан тек беттеріне түсіріліп отырған билеушілер аттарымен ғана ерекшеленген. Ал, сынам және салмақ көрсеткіштері ешқандай өзгеріске түспей, сол қалпында сақталып отырған болатын. Тек, маңғыттар әулетінің 3-ші билеушісі Шах-Мурад билік басына келген алғашқы жылы (1200/1784-1785 ж.) алдыңғы кезеңдердегіден мүлдем бөлек ақша түрін айналымға жіберген реформа іске асырылды. Бұл реформа бойынша ақшаның салмағы, сынамасы, көлемі, шекімелеу техникасы, беттеріне түсіріліп отыратын жазбалардың мазмұны толықтай өзгеріске ұшырады.
Шах-Мурад жүргізген ақша реформасы бойынша тангалар таза күмістен, 0,7 мысқал (3,36 г.) салмақта соғылып, бұған дейін түрлі сынамда шекімеленіп отырған тангалардың барлығы айналымнан алынып тасталды. Алтын тиллалар да дәл осы салмақта айналымға ендірілді. Бұдан былайғы сауда ісінде тек тангалар ғана емес, алтын тиллалар да айналымда жүрді.
Шах-Мурад жүргізген реформа тұсында соғылған ақшалардың бұған дейін айналымда болған ақша түрлерінен басты ерекшеліктері, алдыңғы кезеңдерде эмитент аты түсіріліп отырған бетке билеушінің өз есімі емес, әулет билігінің құрушысы Мухаммед Рахим бидің аты «мархум» эпитетімен түсірілетін болды. Одан бөлек ақшаның келесі бетіне түсіріліп отырған діни мазмұндағы жазбалардың орнына ақша сарайының атауы – «Зарб Бухара-и Шариф» жазбасымен алмастырылды.
Егер, бұған дейінгі ақшалардың соғылған жылдық көрсеткіштері тиынның бір бетіне ғана түсіріліп отырса, реформадан кейін соғылған тангаларда жылдық көрсеткіш екі бетіне де түсірілетін болды.
Жолдасов Толқын, кіші ғылыми қызметкер