18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан тарихы музейінде «Сыйға берілген жәдігерлер», Этноауыл кешенінде музей қорындағы кілемдер коллекциясынан «Өрнекті өмір» көрмелерінің тұсаукесері өтті.
Көрменің ашылуында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының у.м.а. Н.Дүкенбаев сөз сөйлеп, қонақтарды музей күнімен құттықтап, «Түнгі музей» шарасында ауқымды шаралардың өткізілетіндігін атап өтті. Түркістан қаласының Мәслихат төрағасы Ғ.Сәрсенбаев барша музей қызметкерлері мен қонақтарын 18 мамыр – Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, тарихи-мұраларды көздің қарашығындай сақтап отырған музей саласы мамандарына зор алғысын жеткізді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қожа әжесінің қол табы қалған ХХ ғасырдың басында жібек жіппен тігілген кестелі орамалын музей қорына сый ретінде өткізді. Ағаш шебері Г.Күнқожаев Әзірет Сұлтан кесенесінде 1950 жылға дейін сақталған кесене тәспісінің көшірмесін жасап, музейге сый ретінде тапсырса, Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Дүкенбаева атасы фарабитанушы, А.Машанидің 1985-1986 жж. КСРО Мәдениет министрі П.Демичевке Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған тайқазан, шырағдан жәдігерлерін Түркістанға қайтару туралы жазған хаттарының үлгілерін өткізсе, музей директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты М.Тастанбеков Ө.Жәнібековтің 1970-1985 жж. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізілген реставрация, музейлендіру жұмыстарының архивтік жазбаларын музей қорына тапсырды.
Мәдени шараға келген қонақтар одан әрі Түркістан тарихы музейінде құрылған «Сыйға берілген жәдігерлер», Этноауыл кешеніндегі «Өрнекті өмір» көрмелерінің экскурсиясын тыңдап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.