Сауран қалашығынан шығысқа қарай 3,5 шақырым жерде, Майдантал ауылдық округінің аумағында орналасқан. Қонысты 1867 ж. П.И.Лерх, 1951 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1970 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев) зерттеген, ал, 2005-2009жж. Түркістан археологиялық экспедициясы (Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев) зерттеді.
Мір төбе қонысы Сауран қалашығын ауыз сумен, бау-бақша, егістікті суармалы кәріз жүйесімен жабдықтау үшін салынған. Тарихта оны түбі осы жерлік, Самарқанда тұрған аса бай жер иесі Мір-Араб салдырған деген дерек бар. Кәріз жүйесі Саураннан солтүстік-шығысқа қарай 6км жерде орналасқан. Міртөбе қонысы мен бақтарының ортасымен өтіп Сауран қаласының орталығына дейін созылған. Әрбір 10-12 метрден диаметрі 1 метрге жуық құдықтар қазылып, су деңгейінде бір-бірімен жер асты жолымен (тоннель) жалғастырылып, тау етегінен жазыққа қарай созылатын құдықтар жүйесін «кәріз» дейді. Ең соңғы құдық диаметрі 5 метрлік болып, оның суын шығыр арқылы жоғары көтеріп егістікке жіберіп отырған. Мір төбе бекініс-қонысын қоршаған төрт бұрышты қамал-қорғанның биіктігі 5,5м, қорғанның сыртқы жақтарының өлшемі 95х85м.
Шын мәнінде кәріз жүйесі Таяу Шығыста бұдан 3000 жыл бұрын пайда болып, Арабия түбегіне, Ауғанстан, Иран, Қашқарияға кеңінен тараған. Орта ғасырларда (VІ-VІІғғ) Орта Азияға да кең тарап Түркіменстан, Тәжікістан, Өзбекстанда қазылған кәріздер жүздеп саналады, олар Кеңес дәуірінде де, бүгіндері де жұмыс істеп тұр. Түркіменстанда Исберзен, Хан кәріз, Дәу, Ишан, Бұхарада Нұрата маңында, ал, Әзірбайжанда 812 кәріз жүйесі бар. Иранда ұзындығы 50км кәріздер кездеседі, Тегеран әлі күнге дейін кәріз арқылы ауыз сумен жабдықталады.
Жалпы Түркістан шұратында Сауран, Майдантал, Бабайқорған, Сауқым ата, Қарнақ, Қотырбұлақ, Түркістан, Иқан, Шобанақ, Қарашық т.б қалалар кәріздер жүйесімен суландырылған, ең көбі Сауран маңында шоғырланған, мұндағы 250 кәрізді бір-біріне жалғасақ 150 шақырымнан асып кетеді. Міртөбе, Сауран, Қаратөбе, Майдантал, Сатымсай кәріздерінің барлығы Сауран кіші шұратын сумен жабдықтаған, олардың көбісін Кеңес дәуірінде де егіске, мал суғаруға пайдаланған. Сауран кәріздерінің бір-біріне жер астымен жалғанған құдықтарының саны 9000-нан асып жығылады. Бұл ортағасырлардағы ирригация жүйесінің ең жетілген түрі деп есептеледі.

Әдебиеттер:
- Городище Миртобе. №635. –С.307. // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. Алматы, 1994.
- Кяризы Саурана. №637. –С.310. // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-казахстанская область. Алматы, 1994.
- Міртөбе қоныстары, ХҮ-ХҮІІІ ғғ. // Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. Алматы, 2016. 93-94 бб.
- Сауран кәріздері, 284-285 бб.; Міртөбе қоныстары, 254-255 бб. // «Әзірет Сұлтан» энциклопедия. А., 2021.
- Смагулов Е. Топография Миртобе // Древний Сауран. А,.2011.-С.53-60.








