«Миғраж түні» Софы Аллаяр кітабынан, кітап турки тілінде жазылған. 1-92 бет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) Исра және миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Режеп айының 26 сынан 27 сіне қараған түні басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрет (қоныс аудару) етуден 18 ай бұрынғы оқиға еді. «Миғраж түні» пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (с.а.у) Меккедегі әл-харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра (түнгі сапар) жасаған. Түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады. Одан миғражға яғни көкке көтеріліп, өзінен бұрын өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықтағы періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі аяттарын көріп, Онымен тілдесті. 5 уақыт намаз осы түнде парыз етілді. «Миғраж» пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі. «Мұғжиза» Аллаһтың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Аллаһтың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Аллаһ Тағала 7 пайғамбарға миғражды сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибрахим, Мұса, Жүніс, Иса (ғ.с) және Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарлар. Осы түнде Жәбірейіл (ғ.с) пайғамбарымызға (с.а.у): «Ей, Мұхаммед, Аллаһ Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды», — дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с) Мұхаммед (с.а.у) ті әл-харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: «Аллаһ пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Аллаһ Тағала) бір түні өз пендесін (Мұхаммедті) әл-харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Аллаһ Тағала) естуші әрі көруші» («Исра» сүресі, 1 аят), — деді.
Пайғамбарымыз мен пыраққа (бурак) мініп, жер бетінен көкке көтерілдім. «Пырақ» — бұл жұмақтан келген жануар еді. Жәбірейіл (ғ.с) қасымда болды деген. Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (ғ.с) пайғамбарымызға (с.а.у) намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибрахим (ғ.с) намаз оқығандай, күніне екі рет таң мен кешкі уақыттарында екі рәкағаттан төрт рәкәт намаз оқып жүретін еді.
Пайғамбарымыздың бұл мұғжизасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс. «Намаз момындардың миғражы» — деп Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың үмбетіне миғраж дәрежесінде жүретін намаз ғибадатын сыйлады.