МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МАҚАМ СӨЗІНІҢ МӘНІ

«Мақам» – исламның ұлы ғұламаларының еңбектерінде жиі кездесетін діни термин. Ю.А.Рубинчуктің алпыс мың сөзді қамтыған екі томдық парсыша-орысша сөздігінде «мақам» деп сопылардың кемелдікке жету жолындағы қадам, саты, баспалдақты айтады. Ал Х.К.Барановтың жүз мыңдай сөз бен сөз тіркестерін қамтыған екі томдық арабша-орысша сөздігінде «мақам» деп «мәртебе», «деңгей», «дәрежені» айтады. Жалпы екі сөздікте де «мақам» деген сөздің түпкі, негізгі мағынасы бір екенін көреміз.
Міне, сол кемелдікке, Хаққа жету жолындағы қадам, саты, баспалдақтар деңгей-деңгейімен, мәртебе-дәрежелерімен әуелі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде орын алған. Пайғамбарымыз ( с.а.с.) ол Хаққа жету жолындағы қадам, саты, баспалдақтарды шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат деп төртке бөліп, әрқайсысына жеке-жеке анықтама береді. Мысалы:
قال علیه السلام: «الشریعة اقوالي والطریقة افعالي والمعريفة احوالي والحقيقة السرّي»
Мағынасы: Пайғамбар а.с.: «Шариғат – менің сөзім, тариқат – менің ісім, мағрифат – менің халім, хақиқат –менің сырым» дейді.
Ахмет Ясауи бабамыз Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтып кеткен бұл төрт мақамның әрқайсысын он-он тармаққа бөліп, ашықтап, тарқатып, арнайы «Пақырнама» (فقرنامه), «Қырық мақамдар туралы рисала» (رساله در مقامات اربعين) деген еңбектер жазды.
Бұл айтулы төрт мақамның әрқайсысы он мақамнан тұратындығы «Пақырнамада» Әзірет Әліден рауайат етілгендігі айтылады. «Дәруіш мақамы қырық дүр. Егер біліп, амал қылса дәруішлігі пәк дүр. Әрі оған тақуалық қылу лазым. Ал егер білмесе, үйренбесе немесе біліп, амал қылмаса дәруішлік мақам оған харам және ол адам надан дүр. Ол қырық мақамның оны шариғатта, он мақамы тариқатта, он мақамы мағрифатта және он мақамы хақиқатта дүр».
Ал бұл мақамдардың Хақты тану, Хаққа жету жолындағы сатылар екендігі екі еңбекте арнайы келтірілген. Мысалы «Пақырнамада»: «Егер Хақты талап қылсаң, Хақты талап қылып, табайын десең шариғатта ариф, тариқатда уафиқ, (лайық), хақиқатта кәміл мүкәммал, мағрифатта уағызы гауһар болған сондай пірге қол бергін» десе, парсы тілінде жазған «Қырық мақамдар туралы рисаласында»: «Пенде Құдай тағалаға қырық мақамды меңгерумен жетеді. Бірінші он мақам шариғатта, екінші он мақам тариқатта, үшінші он мақам мағрифатта, төртінші он мақам хақиқатта» делінген.
Парсы тілінде жазылған рисаланың ерекшелігі қырық мақамның әр мақамы не аятпен, не хадиспен бекітіліп отырады. Яғни, ол мақамдардың әрқайсысы аят пен хадиске негізделіп жасалған.
Сондай-ақ исламның ұлы ғұламаларының шариғат, тариқат, хақиқат мақамдарының негізгі мәнін ықшамдап, төмендегіше мысалмен сыр қылып жеткізгендері де бар: «Шариғат кемеге ұқсар, тариқат дарияға ұқсар, хақиқат – теңіз түбіндегі інжу-маржан. Егер дүр керек болса, ол кемеге мініп, теңізге шығып, дүрді алады. Кімде-кім бұл тәртіпті тәрк қылса Алла тағалаға жете алмайды» дейді.
Ұлықбек Жүнісбаев, ғылыми қызметкер.
Алдыңғы ақпарат

КӨЗЕШІНІҢ ТОЛЫҚ ҚҰРАМДАҒЫ ШЕҢБЕРІ

Келесі ақпарат

2023 жылы үш визит — орталықтың құрылысы аяқталады