МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МҰРАЖАЙ ҚОРЫНДАҒЫ ҚҰНДЫ КІТАП «ШАРХУЛ МУХТАСАРИЛ УИҚАЯ»

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығында «Шархул мухтасар-ил-уиқая» (қысқартылған қорғаныстың түсініктемесі) деп аталатын көне кітап бар. Шығарма араб тілінде жазылған. Өлшемі: 14,5 х 30,5 см, 1908 жылы Қазан қаласында басылған. Кітапты музейге Түркістан қаласының тұрғыны Имажанов Хамит өткізген.
Бұл кітап Қазан қаласындағы Император Университетінің типо-литографиясында 1908 жылы басылған. Кітаптың авторы Имам Убейдулла. Имам Убейдуллахтың туылған жылы белгісіз, ол хижри 745 (1345 жылы) қайтыс болған деген дерек бар. Имам Убейдуллахтың кітабына Али Қарий мен әл-Маулауий Ильяс, Мауереннахрде Маулауий Фахриддин деп танылған ғұламалар түсініктеме берген.
Кітапта қасиетті Құран кәрімнен және Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың сүннетінен алып пайдаланылған мұсылман заңдары баяндалған. Бұл заңдар ғалымдардың ең ұлығы, әһли сүннеттің басшысы Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзхабына толықтай сәйкес келеді.
Кітаптың алғашқы бетінде «Ғұламаларды Пайғамбарлардың мұрагері еткен Алланың даңқы арта берсін», — деген сөздермен басталған.
Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар болмаған. Себебі Хазіреті Мұхаммед (с.а.у) пайғамбар Құран мен өзінің хадистері арқылы мәселенің шешімін тауып отырған. Шариғаттың негізгі мәселелері Құран кәрім мен хадисте қарастырылған. Сондықтан хазіреті Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыз ислам қауымына «Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Егер оларды бекем ұстап, амал етсеңдер ешқашан адаспайсыңдар. Олар Алланың кітабы Құран кәрім және Алла елшісінің сүннеті (Муатта, Қадар, 46, II/899)», — деген.
Адамның Алла алдындағы міндеттері «ғибадат», ал басқа адамдармен жасайтын қарым-қатынастары «муамалат» деп аталады. Мұндағы дәрет алу, намаз оқу, зекет беру, ораза тұту, қажылыққа бару тақырыптары ғибадатқа жатады. Ал неке қидыру, бала емізу, ажырасу, құлға азаттық беру, ант беру муамалат тақырыбына жатқызылады.

Кітап он тараудан тұрады.

  1. Китаб ут -тахарат – Тазару (дәрет алу)
  2. Китаб ус-солат – Намаз оқу
  3. Китаб уз-закат – Зекет беру
  4. Китаб ус-саум – Ораза тұту
  5. Китаб уль-хадж – Қажылыққа бару
  6. Китаб ун-никах – Неке  қидыру
  7. Китаб ур-радаъа – Ананың бала емізу тәртібі
  8. Китаб ут-талақ – Талақ  (ажырасу)
  9. Китаб улъ-итак – Құлға азаттық беру
  10. Китаб уль-айман – Ант беру

Ж.Майлыбаева, қор сақтаушы.

Алдыңғы ақпарат

ЭКСКУРСИЯ – БҰЛ БЕЛГІЛІ БІР ЖЕРГЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН САЯХАТ

Келесі ақпарат

«Ясауитану – 2025» байқауының Шымкент қалалық іріктеу кезеңі өтті