МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҰЛТТЫҚ МӘРТЕБЕГЕ 1 ЖЫЛ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылдың 19 желтоқсаны күнгі №415 Жарлығымен “Әзірет Сұлтан” тарихи-мәдени музей-қорығына “Ұлттық” мәртебе берілген болатын. Содан бері бір жыл өтті. Осы аралықта не өзгерді? “Ұлттық” мәртебе музей-қорық жұмысына қалай әсер етті?
 “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы” РМҚК бір жыл ішінде заң талаптары бойынша “Ұлттық” мәртебе берілген кәсіпорынға тиесілі барлық игіліктерді иеленіп үлгерді. Атап айтқанда: музей-қорық бюджеті айтарлықтай ұлғайып, қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Ең бастысы музей-қорық кеңсесі өз мәртебесіне лайықты жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңадан салынған қалалық меншіктегі Қожа Ахмет Ясауи музейі “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының қарамағына берілді. Сондай-ақ “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының құрамында “Ясауитану” ғылыми орталығы мен сәулет-реставрация жұмыстары бөлімін құру мәселесі шешілуде және т.б. құрылымдық өзгерістер күтілуде.
 Бір жыл ішінде “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының халықаралық байланыстары айтарлықтай ілгерілеп, бірнеше шетелдік тарихи-мәдени ұйымдармен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Ал Ресейдің Қазан қаласында “Ясауи мұрасы және көне Түркістан” тақырыбында халықаралық көрме ұйымдастырылды.
Францияның Париж қаласындағы Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірге «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының да құнды жәдігерлері қойылып, француз жұртшылығының назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Еліміздің жеті облыс орталығында “Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан” тақырыбында көшпелі көрме қойылды.
 Музей-қорықта ашылатын көрмелердің өзін де жаңа форматта ұйымдастыру қолға алынды. Солардың бірі — «Өзбекәлі Жәнібеков және музей ісі» көрмесі. Бұл көрме музей-қорықтың бұрынғы жылдары ұйымдастырылған көрмелерінен ерекше, жаңа форматта дайындалды. Атап айтқанда: тарихи тұлғаның ерекше бір қыры — Қазақстандағы музей ісі және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау, мемлекеттік тіркеуге алу ісіне және елімізде Өзағаның бастамасымен ашылған ірі музейлер тарихы бойынша атқарған қызметтерін көрсету мен насихаттау болды. Көрме экспозициясына Өзбекәлі Жәнібековтың қолтаңбасы бар ірі бес музей тарихы арнайы таңдалып алынды. Сондай-ақ «Казреставрация» бірлестігі мен оның институттарының да құрылу тарихына шолу жасалды…
 Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайын анықтауға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Музей-қорыққа қарасты басқа да тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын бақылау, қорғау аймақтарын анықтау бағытында жұмыстар жүргізілді.
Музей-қорыққа қарасты Ясы-Күлтөбе қалашығы ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне ұсынылған тарихи обьект. Ясы-Күлтөбе тарихи қалашығының аумағында 17 тарихи мұра нысандары орналасқан. Осы аталған мұраларды тиімді қорғау және пайдалану мақсатында қорғау аймақтарының жобасы әзірленіп, Түркістан облысы әкімдігіне бекіттіруге ұсынылды. Ал Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы» Заңына сай Сауран қалашығының қорғау аймақтарының жобасы “Әзірет Сұлтан» музей-қорығының әзірлеп, ұсынуы негізінде Түркістан облысы әкімдігінің 2024 жылдың 6 мамырындағы №78 қаулысымен бекітілді. Жалпы тарихи ескерткіштердің қорғау аймақтарын анықтап, бекіту өте күрделі және маңызы зор жұмыстардың бірі.
 “Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан мектеп оқушыларына арналған «Ясауитану» клубы, «Жас археологтар», «Жас экскурсоводтар», «Жас реставраторлар» үйірмесі өз жұмысын бастады. Қаламыздағы мектеп оқушылары биылғы оқу жылынан бастап, осы аталмыш үйірме орталықтарына келіп, өз білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.
 Ұлттық мәртебеге сай қызмет көрсету үшін музей-қорық мамандарының білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды.
 Мұның бәрі “Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының бір парасы ғана.
 Тәуелсіздік мерекесінің ізін ала жеткен 19 желтоқсан — “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының “Ұлттық” мәртебе алған күні құтты болсын!
Алдыңғы ақпарат

ӘМІР ТЕМІР ДӘУІРІНІҢ ҚҰНДЫ МҰРАЛАРЫ

Келесі ақпарат

Қырғыз делегациясы “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында