Кітап. «Китабул жинаят». (Шариғат заңдар жинағы) деп аталады. Авторы белгісіз. Өлшемі: 20х29 см. Араб тілінде жазылған. 1-490 беттен тұрады.
Бұл кітаптағы пәтуәлар жиынтығы Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабиттен алынған. «Пәтуә» (арабша фатуа – түсіндіру) деген мағына береді. Ислам дінінде шариғат бойынша керекті мәселеге дінбасы мүфтидің, бас қазының шығаратын шешіміне, қорытындысына пәтуә дейміз. Мұсылмандар үшін пәтуә бұлжытпай сөзсіз орындалуға тиіс заң, міндет, парыз. Пәтуә әдетте қағида, ереже нұсқау түрінде жазылып, мұсылмандарға жария етіледі.
Бұл кітапта 1) Ислам дінінің бес парызы мен фикһ (шариғат) мәселелері берілген. Ислам дінінің бес парызына мыналар жатады. 1)Аллаға иман келтіру, 2) намаз оқу, 3) ораза тұту, 4) зекет беру, 5) қажылыққа бару
Аллаға иман келтіру оның бір екендігіне, бар екендігіне жүрекпен сеніп, тілмен айту. Яғни ол кәлимаи шаһадат айтумен орындалады. Ол «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадун Расулаллаһ» болып айтылады. Мұның мағынасы (Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі), екінші күнделікті бес уақыт намаз оқу, үшінші рамазан айында 30 күн ораза тұту, төртінші кедей, жағдайы төмен адамдарға зекет беру, бесінші қажылыққа Меккеге бару болып табылады.
2) Ислам фикһы (шариғат) мәселелері қамтылған.
Олар: Никах (неке қидыру), талақ (ажырасу), уәкәләт (өкілдік), кәфәлат (кепілдік). Никах (неке) қидыру – дегеніміз екі адамның отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп жетілдірудегі шариғаттың шарты.
Талақ (ажырасу) – некеден айырудың ең көп тараған түрі, ислам дінінде неке келісімін бұзуға, яғни ажырасу мақсатында айтылған сөздерге талақ дейміз.
Уәкәләт (өкілдік) дегеніміз — тапсырылған өкілет бойынша бір тұлғаның атынан басқа тұлғаның мәміле не басқа да құқықтық маңызы бар әрекет етуі. Мысалы: талапкер атынан сотқа қатысу.
Кәфәлат (кепілдік) дегеніміз берешек адам өзінің қарызын дер кезінде төлеп тұратынын растау үшін қарыз беруші адамға өз мүлкінің бір бөлігін белгілі бір мерзімге дейін, яғни қарыздан құтылғанынша кепілдікке беруін айтады. Кепілдемеге қатысты ережелер: Кепіл тігуші, оны қабылдаушыны кепіл алушы, мүлікті кепілдеме деп атайды. Бұл кітапта жалпы осы мәселелер берілген.
Кітапты өткізуші: Ташкент облысы Янгиюл қаласының Куйбышев көшесіндегі №63 үй тұрғыны өткізген.