МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҮКАША АТА МАЗАРЫ МЕН ҚҰДЫҒЫ, VII-ІХ ғғ.

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде, Қаратау тауының етегінде орналасқан. Координаттары: 43˚36.917΄, 068˚15.712΄.Республикалық маңызы бар ескерткіш.

Үкаша ата біздің елге Ислам дінін алғаш таратқан адамдар қатарында келген сахаба деген аңыз бар. Үкаша атаның есімі халық арасында мұсылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған.

Аңыз бойынша Үкаша ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін  қасиет дарыған алып денелі, батыр болған. Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмeкке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болады. Соңында, жұбайын алдап-арбап, Үкашаның қылыш шаппас денесі тек таң намазы үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Дін жаулары Үкашаның басын намаз оқып отырған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалап кетіп, екі қырдан асып барып, жер астына түсіп кетеді. Орнында құдық пайда болады.

Халық арасында құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Құдықтан су біреуге шығады, біреуге шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зияраты, тілегі қабыл болады деп түсінеді.

Алғашқыда тек қабір орны ғана болған. 1940-шы жылдары алғашқы шырақшысы Кәміл қары қабір үстіне ұзындығы 32 метрлік қабірхана тұрғызады, айналасын абаттандырып 5 гектар жерді тас дуалмен қоршап бақ егеді. Қазіргі мазарды 1989-1990 жылдары жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім  дәліз, екіншісі  ұзынша келген қабірхана бөлмесі. Бөлме  25м, ені 8.6.

Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі  4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Құдықтың тереңдігі 23 метр. Зияратшылар құдықтан су ішкен соң ішіне ақша тастауды ғұрыпқа айналдырған, мұның соңы ескерткіштің тұрақты түрде сақталуына кері әсерін тигізді.

1985 жылы құдықтың ішіне түсіп ақша іздеушілер бірнеше рет қазаға ұшыраған соң мемлекет тарапынан арнайы комиссия құрылып, құдық аузын бетонмен шегендеп тастаған болатын. Дегенмен, көп уақыт өтпей құдық та аршылып, мазар да қайта қалпына келтірілді.

Ескерткіш діни-рухани құрылыс ретінде де, зиярат ету орталығы, қасиетті жер ретінде де бүкіл мұсылман дүниесіне қадірлі және танымал. Қасиетті мекенге жыл бойы зияратшылар Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Түркіменстан, және басқа елдерден үздіксіз келіп жатады.  2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы бойынша Үкаша ата кесенесі Діни және ғибадат орын ретінде киелі ескерткіштер тізіміне енгізілді. Үкаша ата жайлы біршама ғылыми еңбектерде деректер, ол жайлы аңыздар айтылады. Мысалы, Ш.Уәлиханов өз еңбегінде Үкашаны «Оксе» деп атайды, ал, Мәшһүр Жүсіп жазбаларында «Хазірет Ғакаша», «Ақкосе сахаба», «Ғақаша Сақапа» деп бірнеше түрде кездеседі, тіпті, Григорий Потаниннің еңбегінде «Акаш» деген атпен белгілі.

 Әдебиеттер:

  1. Үкәш ата мазары мен құдығы, ІХ-Хғғ. // Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 114-115 бб.
  2. Үкаша ата кесенесі мен құдығы // «Әзіреті Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан, 2021. 333-334 бб.
  3. Дастанов О. Әулие жерлер туралы шындық. А., 1967.41-44бб.
  4. Үкаша ата // Түркістан-руханият бесігі. Лингво-өлкетану энциклопедиясы. Нұр-Сұлтан, 2019. 458-459бб.
Алдыңғы ақпарат

БАБ ҒАРІП КЕСЕНЕСІ, ХІХ ғ.

Келесі ақпарат

ҚАРАХАН АТА МАЗАРЫ, ХІV-ХVІІІ ғғ.