Үкаша ата мазары мен құдығы, ІХ-Х ғғ.

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде, Бабайқорған ауылдық округінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар.

Үкаша ата туралы  халық арасында аңыз-әфсаналарда хз.Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша Үкаша ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін  қасиет дарыған алып денелі, батыр болған. Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмeкке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болады. Соңында жұбайын алдап-арбап, Үкашаның қылыш шаппас денесі тек таң намазы үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Дін жаулары Үкашаның басын намаз оқып отырған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалап кетіп екі қырдан асып барып жер астына түсіп кетеді. Орында құдық пайда болады.

Халық арасында  құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Құдықтан су біреуге шығады, біреуге шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зиараты, тілегі қабыл болды деп түсінеді.

Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі  4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25м құрайды.

Алдыңғы ақпарат

Әлқожа ата кесенесі, ХІІ-ХV ғғ.

Келесі ақпарат

Гаухар ана, ХІІ-ХІV ғғ.