«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Үкаша ата кесенесіне келушілерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тал-көшеттер мен гүлдерді суарып, көгалдандыру мәселесі өз шешімін тапты. Игілікті іс демеушілер тарапынан қолдау тауып, Үкаша ата кесенесі жанынан құны 5 000 000 миллион теңгені құрайтын 40 метрлік артезиан құдығы қазылды. Сонымен қатар, құдық маңына тас төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары П. Досыбеков, демеуші Оңғарбек қажы Мейірбекұлы Үкаша ата кесенесі жанындағы артезиан құдығының ашылуына қатысты.
«Жаз мезгілінде Үкаша ата басына келушілер үшін ауыз су тапшы болатынымен қатар, түрлі жеміс және саялы ағаш көшеттерін суару, көгалдандыру мәселесі қиындық тудыратын. Жасыл-желектер арнайы көліктермен суды тасымалдау арқылы суарылып келді. Биылғы жылдың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі Үкаша ата кесенесі жанынан құдық немесе артезиан қаздыру жұмысын жүзеге асыру болатын. Бұл бастамамызға қолдау білдіріп, азаматтығын танытқан Оңғарбек қажы Мейірбекұлына шынайы алғымызды білдіреміз.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіретін Үкаша ата кесенесі мен құдығында соңғы жылдары жаңа жобалар мен абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен қарқын алуда. Биыл Үкаша ата кесенесі мен құдығының айналысы тазартылып, орындықтар қайта жасалды. Автотұраққа жаңадан электр шамдары тартылып, жарықтандырылды. Зияратшылар демалатын орындар халық игілігіне берілді. Сондай-ақ, музейлендіру жұмыстары бойынша «Үкаша ата тарихы» музейі келушілерге есігін айқара ашты. Музей экспозициясына Үкаша сахабаның өмірінен сыр шертетін құнды мәліметтер мен 70-тен астам археологиялық, этнографиялық, жазба мәдениетіне қатысты жәдігерлер қойылды. Зияратшылардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, отын, су қоятын үлкен бастырма жасалып, халық игілігіне берілді. Баба басына баратын жүргінші жолдар қайта жөнделді»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов.
Жиын барысында қорық-музей басшысы Нұрболат Қадырұлы Үкаша ата кесенесіне келушілерге арналған құдық ашып, тіршілік нәрін жеткізуге қолдау білдірген Оңғарбек қажы Мейірбекұлына мекеме атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табыс етті.
Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК қабылдаған 2018-2021 жылдарған арналған даму жоспарына сәйкес тарихи орындарды абаттандыру, келген туристер мен зияратшыларға сапалы қызмет көрсету бойынша бірқатар жұмыстар демеушілерді тарта отырып жүзеге асуда.
Осы орайда құдыққа көтерілетін жолға мүгедектерге арналған арнайы жол салып, пандус орнату да назардан тыс қалмады. Тазалық жұмыстарына байланысты арнайы қалдық жәшіктер мен ескертпе тақтайшалары орнатылды.
Көктем мезгілінде Үкаша ата кесенесі маңына 100-ден астам мәуе ағаштары мен шырша талдары және гүлдер отырғызылды.
Тарихи-киелі орындарды абаттандыру және музейлендіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.