🔹 2025 жылдың 17 қараша күні Қызылорда облыстық музейіне қарасты Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» көшпелі көрмесінің ашылуы өтті. Көрменің негізгі мақсаты – бүкіл Түркі әлеміне ортақ ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, рухани мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ оның жолын жалғаған шәкірттері мен ізбасарларының еңбектерін көпшілікке таныстыру. Жоспар бойынша 18 қараша күні Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтуі керек болған бұл шара аталған музей басшылығының арнайы сұранысымен Жаңақорған ауданында өтті.
🔹 Көрме экспозициясынан Түркістан оазисі қалаларының тарихына қатысты құнды деректерді көруге болады. Шербай мен Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар, Шауғар–Шойтөбе, Ясы–Күлтөбе қалашықтарынан алынған тарихи жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар X ғасырға жататын Құран Кәрімнің түркі тіліне аударылған алғашқы нұсқасы, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» сияқты таңдаулы еңбектері мен оның шәкірттері қалдырған құнды қолжазбалар да көпшілік назарына ұсынылды.
🔹 Шараға Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Мейірбекұлы, қоғамдық даму бөлімінің қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесі, жастар ресурстық орталығының мамандары, кент орталығындағы мешіт имамдары, архив қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты. Көрменің ашылуында алғаш сөз алған Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы қастерлі Түркістанның құнды мұраларын насихаттай келген музей-қорық басшылығына алғыс айтып, бүгінгі шараның тұрғындар үшін рухани азық боларын тілге тиек етті.
🔹 Іс-шара соңында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұжымына аудан әкімінің орынбасары атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табысталды.
🔹 Айта кетейік, тағылымға толы көрме 24 қараша күні сағат 11:00-де Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасатын болады.

Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.








