Бүгін Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының жәдігерлерінен ұйымдастырылған “Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан” көшпелі көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрмені Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы алғы сөзімен ашса, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының басшысы Садықбеков Мәулен Жарылқасынұлы көрменің мақсаты мен міндетін айта келе, қазіргі музейлердің қоғамдағы рөлі туралы баяндады.
Музей-қорық экскурсоводы Данияр Сәдуақасов Түркістан оазисі қалаларының тарихы — Шербай, Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар мен Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері, Қожа Ахмет Ясауидің туған және өскен Сайрам-Исфиджаб, Ясы-Түркістан қалалары мен Ясауи шығармалары, ұстаздары мен шәкірттері, ізбасарлары туралы тарихи деректер, Ясауи кесенесінің салыну тарихы, ондағы сирек кездесетін бірегей тарихи мұралар жөнінде көпшілікке баяндап, құнды жәдігерлер сырымен таныстырды.
Аталған іс-шараға мәдениет мекемелерінің басшылары, тарихшылар, Дін істері басқармасының қызметкерлері, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Атырау облысы бойынша Кәсіби дамыту институты қызметкерлері, «Шапағат» Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының қызметкерлері, университет оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары «Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көрмесін 18-28 қазан аралығында, он күн тамашалайтын болады.
Қуаныш Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.