(«Мират ул-қулуб»)
«Көңілдердің айнасы» – Әулие, Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың рухани көзқарастары айтылған, сүйікті шәкірті, әрі төрт орынбасырының бірі Мұхаммет Данышпан ата Зарнұқидың хатқа түсірген еңбегі. Зерттеушілер «Миратул-қулубтың» Данышпан атаның шығармасы екендігін, бұл туралы деректер Мұхаммет Әлім Сыддықидың (лақап аты Әлім шайх) «Ламахат мин нафақати әл-Қудс» атты еңбегі мен Мұхаммет Шәріп Хусейіннің «Хужжат уз-Закирин» атты еңбектерінде келтірілгенін айтады.
Бұл еңбектің қазіргі таңда қолжазбалық төрт нұсқасы бар. Бірі Швецияның Упсала қаласының университет кітапханасында 534 парақтан тұратын 472-нөмірмен тіркелген жинақтың 158b-177a бетерін қамтиды. Бұл нұсқа һижра жыл санауы бойынша 1249 жылы, яғни милади жыл санауы бойынша 1833 жылы көшірілген.
Келесі екі нұсқалары Ташкент қаласындағы Өзбекстан жаратылыстану академиясының Әл-Бируни атындағы Шығыстану институтында сақтаулы. Оның біріншісі 3004-нөмірмен тіркелген жинақтың 1b-17a беттері арасында. Ол нұсқа һ.ж.с. 1252ж., м.ж.с. 1836 жылы көшіріліген. Әрі бұл нұсқа Упсала нұсқасына да өте жақын екені айтылады. Екінші нұсқасы 2851-нөмірмен тіркелген жинақтың 1b-21a беттері аралығын қамтыған.
Жоғарыда айтылған Упсала нұсқасы бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқылмаған жерлері Ташкент, Алматы нұсқалары бойынша түзетіліп, Ясауи мәденитіне тән бұл құнды рисала соңғы жылдары қазақ, түрік, өзбек тілдерінде жарық көрді.
Ендігі бір – Алматы нұсқасы. Ол Алматы ұлттық кітапханасындағы №1622-386 тіркелген жинақтың 12a-39b беттері аралығын қамтыған.
Қазіргі таңда «Мират ул-қулубтың осы Алматы қолжазбалық нұсқасының ксеро көшірмесі «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының жазба ескерткіштер тобының ғылыми көмекші қорына 1486-нөмірмен тіркеуге алынып, сақтаулы тұр.
Данышпан ата бұл еңбектің мүжтаһид ғалымдардың кітаптары мен мүжтаһид машайықтардың айтқандары бойынша құралғанын, әрі оған «Мират ул-қулуб», яғни «Көңілдердің айнасы» деп ат берілгенін айтып, оған не үшін мұндай қойылғанын түсіндіріп өтеді. Тағы Хақ Тағала құлдарын өзіне жақын келсін деп, Ислам жолын сыйлағанын және ол жолға «шариғат», «тариқат», хақиқат деп үш ат бергенін айтып, кітаптың осы жағарыда аталғандай үш бөлімнен тұратынын да баяндайды…