
Қазақ халқында сән үшін кеудеге тағылатын әшекейлердің көптеген түрлері бар, солардың бірі – өңіржиек. Оны тағудың да өзіндік сыры бар. Өңіржиекті өрімдей қыздар емес, бойжетіп, ұзатылып бара жатқан қызға арнайы соқтырған. Ерекшелігі ұзатылған қыздар мен бала табатын жастағы әйелдер ғана тағатын болған. Қазақтың байырғы наным-сенімі бойынша, өңіржиек әйел адамның кеудесі мен құрсағын бәле-жаладан, тіл-көзден, сұқтан сақтайды деп санаған.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорында өңіржиектің бірнеше түрі сақталған. Солардың бірі 2017 жылы Түркістан қаласы, Ынтымақ ауылының тұрғыны А.Хамидмергенұлы өткізген өңіржиек. Металы – күміс, жасалған уақыты – ХХ ғасырдың басы, ұзындығы – 41 см, ені – 9 см.
Өңіржиек күмістен үш тақталанып жасалынған, тақталар бір біріне металл шынжыр шығыршықтар арқылы жалғанған. Бірінші тақта мен екінші тақта, яғни жоғарғы мен ортаңғы тақталар төрт бұрышты болса, астыңғы тақта бес бұрышты болып жасалған. Бірінші, екінші тақталары төртбұрышты болып, соңғы тақтасы бесбұрышталып келуінде де үлкен мән жатыр. Өңіржиектің тақтасының көп болуы «көп балалы, алтын құрсақты ана болсын» деген мағынаны білдіреді.
Өңіржиектің әрбір тілікшесінің ортасына майысып кетпес үшін ақ балшық толтырылған. Төменгі бөлігіне сыңғырлауық қоңыраулар мен құйма тістер орнатылған. Өңіржиектің жан-жағындағы көп салпыншақ ұрпақтың өсіп-өркендеуін білдіреді.
Халық арасында өңіржиектің өңірше, өңіртал деп аталатын түрлері де қолданылған. Олар тақтасына қарай ажыратқан. Өңірше – түрлі-түсті тастармен әшекейленген, үш тақталы алқа. Ал күміспен күптелген, арасы алшақтау (бір қарыс) орналасқан екі тақталы күміс алқаны өңіртал деп атаған.
Қазіргі таңда өңіржиек тек мереке күндері ғана тағылып, қазақтың ұлттық киімдерінің сәндік элементі ретінде қолданылады.
А.Батталова, қор сақтаушы