• 01 Желтоқсан 2020

Иқан қалашығы

Түркістан қаласынан оңт.шығысқа қарай 24 шақырым жерде, Ескі Иқан ауылының орталық бөлігінде орналасқан Х-ХҮ- ХҮІІІғғ қамтиды. Координаттары: 43˚11.332΄, 068˚31.486΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 238м. Иқан қаласы  ХҮІІІғ. Тұрсын хан (1712-1717) және оның ұлы Барақтың (1749-1750) хан ордасы ретінде аты шыққан. Төбеге айналған Иқанның негізі қашан қаланғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Хафиз Тыныш өзінің «Абдулланама» атты еңбегінде Бұхар ханы Абдулла 1582 ж. Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы жорық жасаған кезде Иқанға тоқтап өткенін жазады. ХҮІІІ ғ. өмір сүрген белгілі тарихшы П.И. Рычков «Орынбор губерниясының топографиясы» деген еңбегінде Иқанда 300-ге жуық үй болғанын және оның тұрғындары егін шаруашылығымен айналысқанын келтірген. Орта ғасырларда Иқан Түркістан өлкесінің қалалары қатарында едәуір рөл атқарған. Қазіргі сақталған төбе орыны трапециялы болып келген, биіктігі 6-7 м. Көлемі 300-225 м. Оңтүстік-шығыс бөлігінде цитадель қалдығы, сондай-ақ, құрылымы бойынша әр түрлі ғимараттардың да сұлбасы көрінеді. Қаланың жоспарына қарағанда қақпасы солтүстік-батысына орналасқан бірнеше мұнаралы болған. Сол арқылы қаланы бақылап, қорғап отырған. Қаланың көп жері жаңа құрылыстар салғанда жойылған.                           

Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтердің 1951ж. монографиясында қалашықтың бүлінбей тұрған кезіндегі жоспары мен топотүсірілімі бар. Жоспарда төбенің оңтүстік-шығыс жағында цитадельдің қалдықтары сақталған. Қазіргі таңда төбе өлшемдері солтүстік жағы -200м, ОБ-210м, ОШ-240м, СБ-85м. Төбенің жалпы ауданы 4,6га. 1947ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық эскпедициясы (А.Н.Бернштам) зерттеген. 1999 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы (М.Қ.Тұяқбаев) екінші рет зерттейді. Шахарістанына үш барлау қазбасы, цитаделіне екі барлау қазбасы түсірілді. Цитаделдегі қазбаның біріншісі 3 құрылыс қабатынан тұрады, көлемі 2,5х2м, екіншісі 6 құрылыс қабатынан тұрады, көлемі  4,5х2м. Алайда, шурфтар ІХғ. деңгейінен әрі қарай қазылмады, себебі төменгі қабаттар тоқтаусыз ағып тұрған дренаж құдығының кесірінен лай-батпаққа айналып кеткен.    1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша жинағына №631 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Жалпы жер көлемі 4,7 га.

Алдыңғы ақпарат

Данияр Садуақасов — Әмір Темірдің сыйға тартқан қола бұйымдары

Келесі ақпарат

Мұхтар Қожа — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Абылай хан қабірінің зерттелуі