🔹 ХІІІ ғасырда Орталық, Орта және кіші Азиядағы моңғолдар билігіне көшкен елдерде соғылып отырған тиындардың беттерінде бұған дейінгі кезеңдердегі монеталардан ерекшелейтін өзіндік белгілер орын алды. Сондай ерекшеліктердің ең бастыларының бірі – тиындардың басым бөлігінің беттеріне түсіріліп отырған таңбалар.
🔹 Жалпы, адамзат тарихында таңбалар өте ерте кезеңдерден бері қолданылып келе жатқан меншік белгісі. Таңбалар көшпенді халықтарда малға, меншіктік заттарға, мөрлерге, меншік шекарасын бекіткен тастарға және т.б. көптеген заттарға түсіріліп отырған [1].
🔹 ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап Ортағасырлық Орта Азияның нумизматикасын зерттеуші, академик Е.А. Давидович ең алғаш болып Шағатай мемлекетінің ақша ісінде орын алған үлкен ерекшеліктерге көңіл аударған болатын. Бұл ерекшеліктер Орта Азияның ақша ісіне түбегейлі өзгерістер алып келгенін байқаған ғалым, бұл өзгерістерді мемлекеттің ақша ісіндегі маңызды реформа деп атаған болатын.
🔹 Алайда, Е.А.Давидович Орта Азия нумизматикасының аталмыш кезеңге қатысты айтылған мәселелерін бүкіл өлкеге емес, оның әрқашан шағатай мемлекетіне қарасты болған Амударияның шығыс және солтүстік шығыс бөлігіндегі аймақтарына ғана қатысты жасалған тұжырым екендігін айтып кеткен болатын [2, 3]. Осы тұрғыда ғалымның бұл пікірін мемлекеттің шарықтау шағында оңтүстікте Газнадан Отырарға дейін, Хорезмнен Қытайдың шығыс шекарасындағы Шыңжаңға дейінгі жерлерді иемденген Шағатай мемлекетінің ақша ісі мен ақша айналымын түгел қамтыды деп айта алмаймыз [4]. Е.А.Давидовичтің бұдан 50 жылдан астам уақыт бұрын жарық көрген еңбегінен кейін тарих ғылымында соңғы кездері ғана П.Н.Петровтың қаралып отырған кезеңнің нумизматикасына қатысты Шыңжаң, Бадахшан, Термез, Газна, Хорезмнен табылған, түрлі музейлер мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі жеке коллекционерлердің жинақтары мен интернеттің нумизматикалық дерекқорларындағы өте үлкен көлемдегі нумизматикалық материалдармен жүргізілген жұмыстарының негізінде жасалған жүйеленген каталогтық еңбектің нәтижесінде белгілі болып отырған деректер бойынша мемлекеттің ақша ісіндегі ерекшеліктерге көптеген толықтырулар енгізілді [5].
🔹 Өлкеге Ислам діні келгенге дейінгі кезеңдерде монеталар беттеріне таңбалар түсіріп отыру көптеген елдерде іске асырылып келген. Ислам өркениеті өркен жайған тұста тиындар беттеріне таңбалар түсіру сиреп, тек, ХІІІ ғасырда моңғол билігі тұсында ұзақ уақыт бойына тұрақты түрде таңбалар бедерлерін түсіріп отыру үрдісі қайта қолға алынды. Бірақ, ХІІІ-XIV ғасырларда тиындар беттеріне таңба түсірудің себептері, таңбалардың мәні, олардың меншіктік қатынастары, таңбаларды қолданылу тәртібі сияқты маңызды жайттар жайлы ешқандай жазба деректер сақталмаған.
🔹 Тиындар беттеріндегі таңбаларды зерттеуде П.Н.Петров қолданған интегралды әдіс таңбалардың түсірілу мәні, олардың жеке тұлғаларға қатыстылығын анықтауға мүмкіндік берді [6]. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Шағатайлықтар мемлекетінде 668/1269–70 жылдан 765/1363–64 жылға дейінгі аралықта соғылып отырған тиындар беттеріне міндетті түрде таңба бедерлері түсіріліп отырғандығы белгілі болды. Шыңғыс ұрпақтарының билігіндегі ешбір мемлекетте тиындар беттеріне таңбалар түсіру Шағатайлықтар мемлекетіндегідей ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде іске асырылмаған. Осы тұрғыда шағатайлықтардың ХІІІ-XIV ғасырдағы нумизматикасы таңбаларды жүйелі түрде зерттеп, оларды түсірудегі заңдылықтар мен ерекшеліктерді анықтау арқылы әр таңбаның нақты «Алтын Ұрық» өкілдерінің қайсысына тиесілі екендігін анықтауға мүмкіндік беретін бірегей ескерткіш болып табылады.
🔹 Шағатайлықтар тиындарының беттеріне таңбалар түсіріп отыруға қатысты зерттеулер мемлекеттіктің қалыптасуының принциптерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тиындар беттеріне түсірілген жеке таңбалар белгілі бір билеушінің (таңба иесінің) қай аймақта экономикалық және саяси ықпалы болғандығын анықтауда шешуші фактор бола алады. Мәселен, 665/1266-67 жылдан бастап Жошы ұлысындағы барлық ақша сарайларында алтын Орданың алғашқы ханы Мөңке Темірдің жеке таңбасының түсіріле бастауы оның Ұлы моңғол империясына тәуелсіз жеке мемлекеттің билеушісі екендігін көрсеткен басты белгі болды. Дәл солай, 668/1269-1270 жылдан бастап Үгедей ұрпағы Қайду мен Шағатай ұрпағы Дууа хандардың жеке таңбаларының тиындар беттеріне түсіріліп отыруы, тәуелсіз екі мемлекеттің аумақтық шегін нақтылауға көмектесті.
🔹 Сол дәуірде (ХІІІ ғ. соңғы 30 жылы мен XIV ғ. басы.) соғылған кей дирхемдер беттерінде Қайду хан мен Дууа хандардың екеуінің де таңбаларының бірге кездесуі бұған дейін тарихта жұмбақ болып келген, екі билеушінің экономикалық мүдделерінің тоғысатын тұстарын көрсететін репер екендігін анықтауға мүмкіндік берген үлкен тарихи олжалардың бірі болды [7].
🔹 Моңғол билеушілерінің билігіндегі жерлерде соғылып отырған тиындардың беттеріне таңбалардың түсіріліп отыру себептерін анықтамай, таңбаларды тиянақты түрде идентификацияламай, оларды дереккөзі ретінде пайдалану мүмкін емес. Себебі, бұл мәліметтерсіз жасалған қорытындылар барлық жағдайларда дерлік қате тұжырымдарға алып келеді. Тіпті, бұл мемлекеттерде соғылған тиындар беттеріне таңбалардың түсірілмеуінің өзі де үлкен тарихи, саяси немесе басқа да маңызды себеппен іске асырылған шара екендігін білдіреді [8].
🔹 709/1310-1311 жылдан бастап Тоқту-хан жүргізген ақша реформасынан кейін өзінің әкімшілік бақылауында болған жерлерде ешқандай таңбаларсыз соғылған тиындар айналымда жүрсе, ал, таңба түсірілген монеталар хан диванына тәуелсіз жеке билеуші субъекттерге бағынышты жерлерде айналымда болған [9].
🔹 Келесі мақалада моңғол билігі тұсында соғылған монеталар беттерінде орын алған жеке таңбалардың идентификациялануы жайлы айтатын боламыз.
Пайдалынылған әдебиеттер:
- П.Н.Петров, Некоторые аспекты средневековой восточной нумизматики – исторического источника. / Золотоордынское обозрение. № 1. 2013, С.
- Давидович Е.А. Денежное хозяйство Средней Азии после монгольского завоевания и реформа Мас`уд-бека (XIII в.). М., 1972, с. 96.
- Сонда, с. 3, ескертпе 1.
- П.Н.Петров. Еще раз о монетной реформе Масуд-Бека 670 / 1271-1272 гг. В Государстве Чагатаидов. Вестник Санкт-Петербургского университета. Сер. 2, вып. 1. История. СПб., 2008, с. 201-202.
- Сонда, с. 202.
- П.Н.Петров, Некоторые аспекты средневековой восточной нумизматики – исторического источника. / Золотоордынское обозрение. № 1. 2013. С. 194.
- Сонда, с. 195.
- П.Н.Петров, К.М.Байпаков, Д.А.Воякин. Монетное дело и денежное обращение в Великой монгольской империи, Государствах Чагатаидов и Джучидов на территорий Казахстана. Алматы, 2014. С. 41
- Петров П.Н. Находки дирхемов конца XIII в. из Дев-кескен-кала // ЗЦ. Вып. 4. 2011. С. 230–231.
Т. Жолдасов, кіші ғылыми қызметкер.










