Жұма мешіті ғимараты ХІІ-ХІХ ғасырлардың ескерткіші. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстік батыс бетіне қарай 120 метр жерде орналасқан. Бұл орында кезінде «Ясауи бабамыз өз жанұясымен бірге тұрған» деген аңыз халық арасында кеңінен тараған. Кейіннен ол жерде мешіт салынып, ол 1878 жылдарға дейін жергілікті халыққа қызмет еткен. 1960-шы жылдары мешіт қайта салынып, «Қылует жер асты кешеніне» жақын орналасқаннан соң, Қылует мешіті деп аталған да, ол қаладағы ең үлкен орталық мешіт қызметін атқарған.
Ал, оның қазіргі кезде Жұма мешіті деп аталу себебі, 1960-шы жылдары Қылует мешіті қаланың басқа бөлігіне көшірілуіне байланысты атауы да сол жаңа мешітке беріледі де, бұл енді орталық мешіт ретінде емес, тек жұма күндері ғана намаз оқылып, халыққа қызмет көрсететін мешітке айналған.
Жұма мешіті, қазіргі кезде тек тарихи орын ғана емес, оның жалпы Ислам діні тарихы мен Түркістан қаласы тарихында алатын орны, мәні мен маңызы ерекше ескерткіш. Ол ХІІ ғасырдан бері бірнеше рет бұзылып қайта салынғанымен, оның қабырғаларындағы Ислам дініне (сопылыққа) тән сәнделуі мен өрнектелуі біздің күнімізге дейін жеткен болатын.
Сопылық мешіттердің ерекшелігі – олардың Михрабтарының іші сыртына ешбір Құран аяттары жазылмайды, тек екі жанына, қабырғалардың жоғары бөлігіне анар жемісінің бұтақтары салынып, оларға қонып, сайрап отырған бұлбұл құстары бейнеленетін болған.
1980-ші жылдары осы бояулы өрнектердің сақталып қалған іздерін «Казпроектреставрация» институты мамандары халькаға түсіріп алған болатын, олар институттың мұрағат қорында бар болуы тиіс, болашақта бұл өрнектер қайта қалпына келтіріледі деген үміттеміз.
1982 жылы Жұма мешіті ғимараты қайта қалпына келтіріліп, Өзбекәлі Жәнібековтың ұйымдастыруымен «Археологиялық табыстар музейі» атты тақырыптық музей экспозициясы құрылды. Экспозиция материалдары негізінен белгілі өлкетанушы ұстаз, Оңтүстіктің, Балтакөл елді мекенінің тумасы, Адасхан Алтаевтың жеке жинағы негізінде ашылған болатын.

Адасхан Алтаев 1937-80 жылы Балтакөл ауылында педагогикалық қызмет атқарған ұлағатты ұстаз. 1958 жылы мектеп-интернат жанынан өлкетану музейін ашып, үйірме оқушыларымен бірге жүріп 3000 дана жәдігер жинаған белгілі тарихшы мұғалім. Ол осы жинаған коллекциясы ішінен 1980 жылы Қожа Ахмет Ясауи республикалық сәулет-ғимараты музейі қорына 200-ден астам Түркістан жазирасы қалалары туралы тың деректер беретін археологиялық және этнографиялық жәдігерлерін өткізген.
Музей экспозициясын Ө.Жәнібековтың бақылауымен «Казмузейреставрация» мекемесінің суретші-дизайнері В.В.Шишкин деген орыс азаматы жасақтады. Ол мешіт ауласына, сол кездегі кесене аумағында орналасқан керамикалық шеберхана базасында күйдірілген қыш бетіне сызып өрнек салу арқылы тарихи мұраларымызға деген құрметті меңзейтін керамикалық панно тақтайшасын дайындаған болатын. Панноның тарихи маңыздылығы сонша, Жұма мешітінің қазіргі музейлік экспозиция тақырыбына сай келмесе де, осы күнге дейін бұзылмай сақтаулы тұр.
2000 жылы, ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерей тойы қарсаңында, Жұма мешіті толық қайта қалпына келтірілді. Оның залына кесенеде сақталған мешіт инвентарьлары жиынтығынан уақытша музейлік экспозиция жасақталды, ал бастырмасы астына, музей-қорық қорындағы Түркістан қаласы мешіттерінің тас, ағаш бағаналары, тұрмыста пайдаланылған су диірмендері мен өсімдік майын алатын жуаз бөлшектері қойылды.
Жұма мешітінде мұнан кейінгі жылдары да мезгіл-мезгілімен жаз айларында ғана уақытша тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып келді, себебі мешіттің өзінің жалғыз ғана бөлмесі бар, онда жылыту жүйесі қосылмаған, ауа температурасы жыл мезгілдеріне сай құбылмалы, жәдігерлердің сақтығына байланысты түпкілікті музейлік экспозиция құруға келмейді.

2024-2025 жылдардың өзінде мұнда бірнеше тақырыптық көрмелер мен еліміздің басқа да облыстық музейлерінен келетін көрмелер құрылып келді. Атап айтқанда, өткен жылы қыркүйек айында музей-қорығымыздың төл мерекесі, оның музей ретінде алғаш көпшілікке есігін ашқан күні — 30 қыркүйекте музей-қорық тарихына арналған көрме ұйымдастырылған болса, үстіміздегі жылдың сәуір айында, музей-қорықтың байырғы қызметкері, республикаға танымал сатирик, сыншы, 34 жасында марқұм болып кеткен Мұратбек Дүйсембековтың 65 жылдығына арналған көрме ашылды.
Қазіргі кезде, мешіт бөлмесіне жаз айларына арналып музей-қорық қорындағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі жайнамаздар үлгілері, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған түйе жүннен тоқылған жайнамаздар мен басқа да мешіт инвентарьларынан бірнеше жәдігерлер уақытша көрмеге шығарылып отыр.
Алдағы уақытта Жұма мешіті мен Қылует жер асты мешіті музейлерін байланыстыра отырып, бір тақырыппен экспозициялық жоспар жобасы дайындалалатын болады.
Р.С.Жүзбаева, көрме ұйымдастырушы.








