Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын Алла тағала несібесін артық жаратқан Қожа Ахмет Яссауи тек бірыңғай дін істерімен ғана шұғылданбай, қолөнер шеберлігімен де аты шыққан жан еді. Замандастарының айтуынша Ахмет Ясауи өзінің күнделікті уақытын үшке бөледі екен.
Күннің жартысын тәңіріге ғибадат етумен және зікір салумен, екінші бөлігін өзі тәрбиелеп жүрген шәкірттерге сабақ берумен өткізсе, соңғы бөлігінде ағаштан қасық ожау секілді түрлі құрал-саймандар істеп сатады екен. Біреуге артық салмақ салғанды жаны қаламайтын ол тумысынан дегдар жан болған. Ясауи адам нанғысыз керемет те көрсете білген. Бір риуаяттарда оның ақылды өгізі бар болатын деседі. Ол өгіздің үстіндегі қоржынға өзі істеген қасық, ожауларды салып Ясы базарына жіберіп тұрған. Кім зат алса, ақшасын қоржынға салып кете береді екен, кім ақшасын бермесе, өгіз соның артынан бір елі қалмай қоятын көрінеді. Хазіреттің ісінен хабардар жұрт кейде кешке қарай үйге қайтқан өгіздің қоржынына артық ақша да салып жіберетін көрінеді. Ахмет Ясауи болса ол ақшаның тиынына дейін оқушыларының қажетіне жұмсайды екен. Бұл да болса әулие бабаның жұртшылық ғибрат алатұғын бір ісі болса керек.