МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ХАН ОРДАСЫ, XVII- XVIII ғғ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300м жерде орналасқан. Тарихтан XVIIIғ. Ескі Түркістан қаласында екі хан ордасы (цитадель) қатар өмір сүргені белгілі. Бұл жайлы И.В. Ерофееваның «Казахские ханы и ханские династии в XVIII – середине XIX вв.» деген еңбегінен және Б.Т.Тұяқбаева, А.Н.Проскуриннің «Проект регенерации цитадели в городе Туркестане» атты еңбегінен толыққанды деректер табуға болады.

Тарихшы И.В.Ерофееваның еңбегіндегі деректерде 1743-45жж. аралығында Түркістанды және оның айналасындағы қалаларды Әбілмәмбет хан мен Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіттің екіге бөліп билегені айтылған. Бұл жайлы ең алғашқы деректі XVIIғ. соңында жасалған Д.Г.Мессершмидт картасынан кездестіреміз. Қаланың 1875ж. картасы мен 1954ж. картасын және кейінгі жылдардағы план-схемаларын салыстыра отырып Хан ордасының дәл орыны анықталды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған табыстар бұл орынның алтыншы құрылыс қабаты  XVIIғ. соңы мен XVIIIғ. бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын, яғни,  бұл кезеңде Хан ордасын Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, Сәмеке хан және Әбілмәмбет хандар мекен еткен кезеңге сәйкес келетіні дәлелденді.

1743-1745 жж. аралығында Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс бетінен екінші Хан ордасын қалыптастырады. Әбілмәмбет хан өлген соң (1771ж.) алғашқы хан Орданы оның ұлы Болат хан 1798ж. дейін мекен еткен деген тұжырым жасауға болады. 2011ж. қазбадан аршылған бөлмелердің 15-нің қабырғалары саз кесекпен қайта өріліп, сақталуына  және маңыздылығына қарай олардың биіктіктері 1,2 м-ден 2 м дейін көтерілді. Бөлмелердегі сыпалар, тандырлар, ташнаулар, сандалдар қайта қалпына келтірілді. Қабырғалары сабан аралас сыбақпен сыбалып ханның тұрған үйінің бір бөлігі сол заманғы көрінісін тапты.

2012-2022жж. аралығында Түркістан археологиялық экспедициясы мен ХҚТУ-ң Археология институты бірігіп Хан ордасының СШ бөлігінде орналасқан Тәуке хан тұсындағы (1680-1715) кезеңіне жататын құрылыстарды аршып, Қазқайтажаңғырту мекемесі оларды көтеріп, тұмшалады. Осы жылдары Әбілмәмбет хан мен Тәуке хан тұсындағы құрылыстардың Шығыс және Солтүстік көшеге дейінгі құрылыстары толық аршылды, бұған қоса Орталық көшеге дейінгі құрылыстар да аршылып тұмшаланды. Төрт жағынан көшемен, қамал қорғанымен қоршалған Хан орданың жалпы көлемі 1,32 га. Жеті ата көшесінің 110 метрі Хан ордаға тиесілі, Шығыс көше ұзындығы 82м, Солтүстік көше 100м, Батыс көше 120м, ал орданы екіге жарып өткен көше 110м. Жалпы ұзындығы 522 метрлік көше құрылымы аршылды. Хан Ордасына қатысты құрылыстардың жалпы көлемі 0928,972 кв метрді құрайды.

Хан Орданың негізі Есім хан тұсында-ақ (1598-1628жж.) қаланған, онан соң мұны Жәнібек хан (1629-1646жж.), Жәңгір хан (1646-1652жж.), Тәуке хан (1680-1715жж.), Қайып хан (1715-1719жж.), Болат хан (1718-1726жж.), Сәмеке хан (1726-1738жж.), Әбілмәмбет хан (1739-1771жж.), Абылай хандар (1771-1780жж.) өз ордалары ретінде 150 жыл бойы пайдаланып келді.

Әдебиеттер:

  1. Туякбаев М. Еще раз о цитаделях городища Туркестан. // Журнал «Туркология». 2011. Туркестан. №6 (56). –С. 82-102.
  2. Түркістандағы алғашқы хан ордасының орнын зерттеу мен тұмшалау // Ежелгі Отырар мен Отырар алқабы, Қазақстан мен Евразия. А.,2012. 336-339 бб.
  3. Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ. Түркістан археологиялық отрядының Хан ордасында жүргізген қазба жұмыстарының 2008, 2009, 2010, 2011 жж. есебі.
Алдыңғы ақпарат

ШЫҒЫС МОНШАСЫ, ХҮІ – ХХ ғғ.

Келесі ақпарат

ЕСКІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ, XIV-XIX ғғ.