Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейінде Ауған соғысының ардагері, аты аңызға айналған «Қара майор», 177 арнайы бөлімшесінің командирі, полковник Керімбаев Борис Төкенұлының ерлік жолын өзек еткен «Жизнь специального назначения» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті.
Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жасалған.
-«Өздеріңіз білетіндей, 22 мыңнан астам қазақстандық Ауған соғысына қатысты. Борис Керімбаев Ауған соғысының ең танымал ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші жасақ командирі болды. Ол екінші «мұсылман» батальонының командирі ретінде Қара майор аталды. Бүгінгі деректі фильм өзінше ерек: арнайы мақсаттағы жасақтардың құрылу тарихы және Борис Төкенұлы туралы өте егжей-тегжейлі баяндалады»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары мен Ауған соғысының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ картинаның түсірілім тобы қатысты.
Деректі фильм көрсетілгеннен кейін Ауған соғысының ардагерлері фильм жасаушыларға оларға көңіл бөліп, оған қатысқан оқиғалар туралы естеліктері үшін алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, олар командир Борис Керімбаев пен Ауғанстандағы қызметі туралы естеліктерімен бөлісті, сондай-ақ болашақ ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүретініне үміт білдірді.
Фильмнің ұзақтығы — 60 минут.
Қоюшы режиссерлер: Ғазиз Насыров, Әсет Ерназаров. Сценарий авторлары: Ғазиз Насыров, Әсет Ерназаров.