Елизавета және Екатерина ІІ патшайымдар атынан соғылған 5 копеек құндылығындағы монеталар

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорында Ресей империясының патшайымдары Елизавета мен ІІ Екатеринаның билігі тұстарында (1762 – 1796 жж.) соғылған 5 копеек құндылығындағы 6 дана монеталары сақтауға алынған. Бұл монеталар музей қорында КК 1260, КК 2394, КК 2429/1-4 номерлерімен тіркеуге алынған.

Елизавета және ІІ Екатерина патшайым тұсында соғылған 5 копеек құндылығындағы мыс ақшалардың көлемі үлкен, металл пластинасы қалың, салмағы ауыр болған. Музей қорындағы әр тиынның метрологиялық көрсеткіштеріне тоқталар болсақ;

1- КК 1260 — 40-40 мм. 47,110 г.

2- КК 2394 — 41-41 мм. 50,175 г.

3- КК 2429/1 — 42-42 мм. 52,810 г.

4- КК 2429/2 — 41-41 мм. 54,875 г.

5- КК 2429/3 — 40-41 мм. 50,375 г.

6- КК 2429/4 — 40-41 мм. 47,520 г.

Барлығының сақталу жағдайлары орташа. Бір типте соғылған тиындар беттерінде бір-бірінен айыратын аздаған варианттық ерекшеліктер орын алған.

Аверстерінде тиын шеңберінің ортасындағы алаңның ортасында Ресей империясының кіші гербі – екі басты самұрық бейнесі орын алған. Самұрықтың екі басына екі кіші тәж кигізіліп, олардың үстінде екеуін біріктіріп тұрған үлкен бір тәж бейнесі түсірілген. Самұрықтың оң аяғына скипетр, сол аяғына держава ұстатылған. Самұрықтың кеудесіне ат үстінде қанатты айдаһарды найзамен шаншып тұрған әулие Жеңімпаз Георгийдің бейнесі бейнеленген қалқан пішінді Мәскеу гербінің бедері түскен. Қалқанның айналасы әулие апостол Андрей Первозванный орденінің шынжырымен көмкерілген. КК 2394 номерлі жәдігерден басқа үлгілерде самұрық құйрығының екі жағына бөлініп «ЕМ» түріндегі Екатеринбург ақша сарайының белгісі түсірілген. Төменде лента пішінді қоршама ішіне «пять копеек» деген құндылық көрсеткіштің жазбасы түсірілген.

Реверс: КК 2394 номерлі тиынның бетінде «Е» (Елизавета), «Р» (Петровна) әріптерінен түзілген, ал, қалған тиын шеңберлерінің ортасындағы алаңда «I» (император), «E» (Екатерина) және рим сандарымен «ІІ» (екінші) түріндегі әріптер мен сандардың бірігуінен құралған ІІ Екатеринаның жеке вензелдері орын алған. Вензельдің екі жағына екіге бөліп тиынның соғылған жылдық көрсеткіштерінің сандары түскен. Тиын шеңберінің жиектерін төменнен жоғары өрлей көтерілген, сол жақ бөлігі лавр, оң жақ бөлігі пальма жапырақтарынан түзілген гүлдесте бедері көмкерген. КК 1260 — 3, КК 2394 — 4, КК 2429/1 — жидек бедерлері түспеген немесе, жойылып кеткен, 2429/2 — екі ғана жидек, 2429/3 – 4 жидек, 2429/4 – 4 жидек бейнелерінің бедері түсірілген.

Елизавета Петровна патшайым тұсында соғылған «пятактар» ақша сарайы белгілерінсіз соғылып отырған.

Алдыңғы ақпарат

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келесі ақпарат

Жүсіп ата кесенесі жанында сапар орталығының іргетасы қаланып, аманат капсуласы қойылды