МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ДИУАНИ ХИКМЕТ

«Диуани хикмет» – түркі жұртының ұлы ұстазы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің Құран мен хадистердің сыры мен мән-мағынасын, маңызын мұсылман әлемі бойынша хикмет жанрының негізінде ең алғашқылардың бірі болып түркі тілінде сөйлеткен этикалық-дидактикалық мазмұндағы ұлы поэзиялық туындысы. Ол турасында Әулие бабамыз хикметтерінде: «Хикметтерім — келген пәрмен Сұбханнан, Бар мағынасы Құран оның ұқ, қарғам!» және «Хикметтерім – хадистің кен — мазмұны, Ұқпағандар –адамзаттың азғыны» деп арнайы атап өтеді. Сондай-ақ, заманында барлық түркілерден шыққан ұлы тұлғалардың, ғалымдардың қандай да болмасын шығармаларын тек араб
-парсы тілінде жазуы белең алып, түркі тілінің жойылып кету қауіпі тұрғанда Ясауи бабамыз: «Қоштамайды ғалымдар біздің айтқан түркіні, Арифтардан естісең ашар көңіл мүлкіні. Аят, хадис мағынасы – түркі болса лайық, Мағынасына жеткендер жерге қояр бөркіні» деп еңбектерін, әсіресе «Диуани хикметті» түркі тілінде жазып шығып, түркі тілінің дін, ғылым-білім, әдебиет, мәдениет, мемлекеттік тілге айналуына ерекше ықпал етеді.
Еңбек сонымен қатар, әулие бабаның өзінің «кім?», «қандай тұлға?» болатындығы және болғандығы жөнінде айрықша хабар берумен ерекшеленеді. Яғни, хикметте Пайғамбар ғаләйһис-саламның миғраж түнінде әулие Әзірет Сұлтан бабаның дүниеге келмеген, тәнге кірмей тұрып толысқан, кемелдікке жеткен Рухын көретіні, оның 400 жылдан кейін шығып, ислам дінін қуаттандырып, көркейтіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелейтінінен хабар берілгендігі баяндалады. Жерге түсіп, пәни дүние есігін ашқан күннен жер астына кірген 63 жасына дейінгі өмірі және Хақты тану, Хақтың разылығын табу, Оған жету жолдары – құстың қанатындай тең ұстайтын «Аллаға деген шынайы махаббат пен Одан шынайы қорқыныш табу» екені шығармада өте көркем, шебер түрде көрініс табады.
Қазір Ясауи бабаның осы күнге жеткен «Диуани хикмет» атты мұрасын үш топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші, қолжазбалар. Көне шағатай тілі ХХ-ғасырдың басына дейін ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының арасында кеңінен қолданылғандықтан әлі де хикметтердің қойын дәптерлерге болсын жазылған қолжазбалық нұсқалары табылуда. Қазіргі кезде басқа елдерді айтпағанда Қазақстанның қолжазба қорлары мен музейлерінде сақталған, арнайы тіркелген «Диуани хикметтің» 30 дан аса қолжазба нұсқалары бар. Жалпы ғалымдар «Диуани хикметке» байланысты ең көне қолжазба 1593-1594 жылға тән екенін айтады. Ал біздің қордағы қолжазбаның ең көнесі һ.ж. с-ң 1281 жылы, шәууал айында, яғни 1865-жылы жазылған.
Екінші, қазан төңкерісіне дейінгі жарық көрген «Диуани хикметтер». Оған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында 1887 мен 1901 жылдар аралығында Қазанда, 1901 мен 1911 жылдар аралығында Ташкентте, 1901 жылы Ыстамбұлда тасбаспадан жарық көрген хикметтерді жатқызамыз. Осы кездерде хикметтер алғаш рет қазақ, орыс тілдеріне аударылып баспадан жарық көре бастайды. Алайда 1917-1990 жылдары Кеңес үкіметінің билігі кезінде хикметтерді зерттеуге тиым салынғандықтан, рухани мұраны зерттеу, аудару мәселелері мүлдем қолға алынбай қалады.
Үшініші, Кеңес одағы тарқағаннан кейінгі жарық көрген хикметтер. 1990 жылдан бері хикметтер түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, татар, т.б. түркі халықтарының тілдеріне аударыла бастайды. Оның ішінде қазақ тілінде 17 аударма нұсқасы жарық көрді. Бұл кезеңде жарық көрген хикметтердің алдыңғы кезеңдерде жарық көрген хикметтерден айырмашылығы аудармасымен бірге хикметтердің мәтіндерінің латын, кирилл графикасына түсірілген транскрипциясы және араб әрпімен терілген электрондық нұсқалары қоса жарық көруде.
Алдыңғы ақпарат

Мәдениет комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды

Келесі ақпарат

«Әлемдік мәдени мұраларды қорғау, сақтау және басқару» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары