Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Оқу ордасының ұжымымен кездесуде Дәурен Абаев алдағы 3 жылдықта ішкі экономиканың дамуына туризм саласының ықпалы зор болатынын, соның арқасында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылатынын айтты.
“Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында халықтың жұмыспен қамтылуына жол ашатын турбизнес қызметін жандандырудың келешегі зор. Бұл бағытта кадр дайындау ісінде Халықаралық туризм және меймандостық университеті көшбасшы болуы тиіс”,- Д. Абаев.
Бұған қоса министр, Түркістан облысының отандық және шетелдік туристерді тартуға зор мүмкіндіктері барын да тілге тиек етті.
“Туристік инфрақұрылымды дамытуда қаланың мәдениеті және тарихимен қаланың көркі біте қайнасып жатуы аса маңызды. Біздің міндет — шаһарды адам танымастай өзгерту емес, керісінше, тарихи бай мұраларын сақтап қалу,- деді ол.
Бұған қоса, Д. Абаев университет инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді.
“Оқу орны жақында ашылғандықтан, 1-ші және 2-ші курс студеттерін ғана оқытып жатыр. Бірер жылда шәкірттер саны артқанда, біз міндетті түрде тағы да жаңа корпус және жатақхана салу керекпіз.”
Өз кезегінде вице-министр Ержан Еркінбаев маман даярлаудың үздіксіз циклы үшін, университет жанынан колледж ашудың маңыздылығын да атап өтті. Колледжді тәмамдаған студенттер халықаралық университетке практикалық дайындықпен келетінін алға тартты.
Университет ректоры Майнюра Мурзамадиева оқу ордасының жетістіктерімен таныстырып, оқу бағдарламасы туралы баяндап, материалдық-техникалық базаның шешілуі тиіс мәселелеріне тоқталды.
Министр сол сияқты қаладағы және “Әзірет Сұлтан” музей-қорығы мен “Сапар орталығына” барып қайтты.