Көкшетау өңірінде ғана емес, Арқа төскейінде шешендігімен, саятшылығымен ел ілтипатына бөленген Арғынның Қарауыл Жаулыбайтегі Дүйсен би — XVII — XVIII ғасырлардың тоғысында өмір сүрген айтулы тұлға. Халқымыздың аузы дуалы данагөйі Қаз дауысты Қазыбек биден тәлім — тәрбие алып, ел ішінде билікке ерте араласқан Дүйсен би атадан балаға мирас болған саятшылық салт — дәстүрімізді де қадірлеп — қастерлеудің жарқын үлесін көрсете білді. Әйгілі «Алабас» бүркітімен әбжыланды алғаны туралы аңызды бүгінгі күні Көкше өңірінің еңбектеген баласынан самалын қырау шалған қариясына дейін жыр қып айтады.
Жасынан саятшылыққа үйір Дүйсен әлсін — әлсін аң аулауға шығып жүреді екен.
Дүйсенге жастайынан жаққан шаруа,
Жүруші ед, көңілі ауып саят ыққа.
Қай жерде, қандай аңшы бар десеңіз,
Айтушы ед тоқталмастан толқып қана.
Бұл Үкілі Ыбырайдың Дүйсеннің жан серігіне айналған бүркітіне арнап жазған » Алабас» поэмасынан үзінді.
Дүйсеннің елге танылуына Қаздауысты Қазыбек бидің Жанбике қызына үйленуінің үлкен әсері болды. Бірінші әйелі Құндыздан Қойайдар ғана туады. Жанбике көп жыл құрсақ көтермей, Түркістанға келіп Әзірет Сұлтанның басына түнейді. Осы сапардан елге оралғаннан кейін, аруақ жебеп тоғыз бала көтеріпті.Тұңғыш баласы Бекше, сосын Ақшабай, Бабас, Тоқсанбай, Сексенбай, Кенжебай, Үркінші туса керек.
Белгілі жұлдыз жорамалшы Қожамсейітов Назарбектің пайымдауы бойынша: » Абылай Дүйсен бидің бір қыста 60 қасқырға түскен қыран бүркітіне қолқа салады. Ханға қарсы тұрар шама жоқ, бүркітті бір баласымен Көкшетауға беріп жібереді. Риза болған Абылай хан » Не сұрайды екен»,-дейді. Сонда баласы:» Әкем ештеңе де сұрамайды, тек сіздің маңайыңызда болғысы келеді»,- депті.Осыдан соң Абылай қасынан жер бөліп, көшіріп алған көрінеді. Бұл Дүйсен әулетінің Көкшетау өңірінің жері шұрайлы, табиғаты әсем Қошқарбай тауының маңына қалай қоныстанғандығы жайлы ел арасында айтылып жүрген әңгіменің бір парасы ғана.
Қилы заманда өмір сүрген Дүйсен би — елін қорғауға , бірлігін сақтауға, салт- дәстүрді дамытуға үлкен әсер еткен елеулі тұлға.Ол екі қызының біреуін Абылай ханға беріпті. Қанай бимен қатарлас жүріп жеті момынның руларын бірге ұстауға тырысқан.Бөгенбай батырмен шамалас болғасын шашақты найзадан гөрі ойлы, зерделі сөзімен даңқы шыққан. Дүйсен Жаулыбай Қарауылдың Есенберді деген ұлынан туады, жаугершілік заманда қалмақтармен жер үшін қырқысып жүрген бір жорықта әкесі қыршын кетіп, ағасы Майлының қамқор қанатының астында өседі. Елге аңыз болған Дүйсен би Ерейментау елінде қайтыс болып, сүйегін Түркістанға баласы Бекше әкеліпті. Халқымыздың кемеңгер, адал перзенттерінің бірі Дүйсен би өз өсиеті бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген.
Ұлт тарихында өзіндік орны бар Дүйсен би жайлы дәрісті Түркістан қаласының Ататүрік атындағы №17 мектебінің оқушылары ерекше ықыласпен тыңдады. Жоғарыда аталған мәліметтерге қызыға зейін қойған балалар, өзіндік ой-пікірлерін ортаға салып, дәрісті жүргізген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Ардақ Бейсеновамен кеңінен сұхбат құрды.
Білім ұясының ұстаздары тарихи танымы терең шара ұйымдастыруды қолға алған қорық-музей ұжымына алғыстарын жеткізді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі