2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан тарихының» көптомдығы жазылуы тиіс екендігін айтып, тапсырма берген болатын.
Президент «Қазақстан тарихы» көптомдығы жөнінде: «Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», — деп атап өткен болатын.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Мемлекет Басшысының тапсырмасына орай үстіміздегі жылдың 22 қазан Республика күні мерекесіне орай «Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырады. Дөңгелек үстелге т.ғ.д., профессор М.Қожа, т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн, т.ғ.к., доцент З.Жандарбек, т.ғ.к. М.Тұяқбаев және т.б. ғалымдар, музей қызметкерлері қатысады.
Өтетін орны: «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кеңсе үйі.
Басталуы: 10.00.
Берік БАЙБОЛ, бөлім басшысы.