Республикалық маңызы бар ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігін қоршай орналасқан фортификациялық құрылыс түріне жататын ескерткіш. ХVІІІғ. бас жағында жасалған Түркістан қаласының фортификациялық құрылысы жайлы алғашқы сызбада қала мұнарасы қорған қамалмен қоршалған. 1947 жылы А.Н.Бернштам жетекшілігіндегі экспедиция Түркістан қаласының цитаделі мен шахарістанының сақталынып қалған қамал қабырғаларының жоспарын түзеді. Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген. Қазба барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылады. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979жж. реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген. Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі. Қорған қамалына 1998-1999 жылдары Түркістан реставраторлары біршама жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қамал қорғаны 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.4 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.