Ақтоты Райымқұлованың Мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалғанына 1 жыл толды.
Осы уақыт ішінде мәдениет саласында қандай игі істер атқарылды? Нендей кемшіліктер болды? Нені жүзеге асыра алдық? Министрдің бұған айтар ойы қандай? Бүгінгі әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.
– Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы, мәдениет пен спорт саласы тізгінін ұстағаныңызға 1 жыл болды. Дегенмен бұл саланы жетекке алған адамның үнемі көзге көрінбейтін «от пен оқтың» ортасында жүретіні жасырын емес. Осы 1 жыл ішінде қандай нәтижелі жұмыстар атқарылды? Неге қол жеткіздік?
– Бүгінгі күні министрлік өз жұмысында Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының Қазақстан Республикасындағы туризм, тілдерді дамыту бағдарламаларын басшылыққа алады.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, ал өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды.
Сондай-ақ 2020 жылдың басынан кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлем берілетін болды.
Спорт саласындағы жаттықтырушы-оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат, колледж бен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне сабақтан тыс спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі.
Бұдан басқа, Спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызметкерлеріне, Денешынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есе артты.
– Әлемді жаулаған пандемия мәдениет саласына да өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Жоспарланған дүниенің көбі өтпей қалды. Спорттық шаралар кейінге шегерілді. Бұл пандемиядан не түйдік?
– Дұрыс айтасыз. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап көптеген ұйымдар қашықтан жұмыс форматына көшті, барлық мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар тоқтатылды.
Бірақ қалыптасқан жағдайға қарамастан, біз бұл сын-қатерді барлық мәдениет, спорт және туризм ұйымдарының қызметін «қайта жүктеуге» мүмкіндік ретінде қарастырдық. Министрлік жұмыстың жаңа бағыттарын енгізді және күн сайын іс-шаралар кестесін азаматтардың рухани, мәдени және моральдық байытылуы, сондай-ақ әртүрлі жастағы азаматтардың спорттағы белсенділігін қолдау қажеттілігін ескере отырып, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде халықтың зияткерлік дамуына бағыттап жұмыс істеді.
Сахналық шығармаларды, музей құндылықтарын, тарихи-мәдени мұра нысандарын, кітап қорларын, фильмдерді және жалпы саланы цифрлау бойынша алдын ала жүргізілген жұмыстың нәтижесінде халықтың бұл мәжбүрлі демалысын барынша қолайлы және пайдалы өткізуі үшін онлайн режимде бөлісуге мүмкіндік бергенін атап өту қажет.
Мәселен, министрліктің Instagram желісінде «Оқырман кітабы қандай?» атты қазақстандық мәдениет қайраткерлері бастаған және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолдау көрсеткен әркім өзі оқып жатқан кітаптары, газеттері мен журналдарының тізімін ұсынған челлендж көрермендер мен оқырмандардың ризашылығына бөленді.
Уақытын тиімді өткізгісі келетіндер мен одан да көп кітап оқығысы келетіндер үшін www.kazneb.kz порталында 24/7 режимінде қазақстандық ұлттық электронды кітапхана жұмыс істеп келді және ол әрбір қазақстандық үшін тұратын жеріне қарамастан қолжетімді болды. Бұдан басқа, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» онлайн жобасына көрермендер тарапынан жылы пікірлер айтылып, жазылып жатыр. Жоба іске қосылған сәттен бастап қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен қаралымы 15,0 млн көрерменге дейін жеткен 30 онлайн концерт өткізілді. Карантин кезінде министрліктің бастамасымен «Қазақфильм» АҚ қорындағы 223 ұлттық фильм «Хабар», Qazaqstan, «Еларна», Kazakh TV, «КТК», «Жетісу» телеарналарына ақысыз негізде берілді.
Бүкіл әлемде індетпен күрескен дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жаңа композициясын орындап, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы әлем дәрігерлеріне ән арнады. Күні кеше ғана Майра Мұхамедқызының осы клипін Еуропалық тарату одағы өте жоғары бағалап, аталған туындыны Одаққа мүше елдер аумағында көрсету туралы ұсыныс хат жолдап жатқаны жайлы ақжолтай жаңалық жетті.
Алғаш рет қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай және рухани мұра» атты халықаралық онлайн конференция жұмысына Қытай, Түркия, Венгрия, Ресей елдерінің спикерлері және қазақстандық ғалымдар, өлкетанушылар, жазушылар мен ақындар қатысты. Онлайн конференция Zoom.us платформасы арқылы өтіп, тікелей эфирді 7 мыңнан астам адам қараған. Сондай-ақ әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн конференция өтті. Конференцияға Ұлыбритания, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Қазақстан және басқа да елдердің ғалымдары қатысты.
– Қарап отырсақ, биыл мерейтойлар жылы десек те болады. Әлбетте, сол ерекше даталардың ішінде шоқтығы биігі – Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты ұлы ақынның мерейтойын тойлау барысы қалай болып жатыр?
– Еліміздегі соңғы қолға алынған шараларды ескере отырып, Президент тапсырмасына сәйкес, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардағы білім және танымдық 300-ге жуық әртүрлі форматтағы жоба онлайн форматқа көшірілді. Сонымен қатар бірқатар ірі көлемдегі халықаралық және республикалық іс-шара тамыз-қараша айларына ауыстырылды. Бұл мерейтой өз деңгейінде өткізілмейді деген сөз емес. Қазіргі қоғамда болып жатқан жағдайды ескере отырып, біз Абайды насихаттау жұмыстарын жалғастыра береміз. Ұлы ақынның еңбектерін насихаттап, шараларымызды азаматтарға зиян келтірмейтіндей, қауіпсіздікті сақтай отырып, тиімді жолдармен өткізуді қарастырудамыз.
Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардың бәрі той тойлау емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілуі керек деген болатын. Біз бұл ретте мәдени шараларды ұйымдастыруда ысырапшылдыққа жол бермеу қажетіне ден қойып отырмыз.
Оқушылар арасында екі кезеңнен тұратын «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты республикалық байқау ұйымдастырып, Абай мұрасы туралы электронды ғылыми-инвентарлық каталог шығару жоспарлануда. Кәсіби емес орындаушылар арасында «Абайдың өнері» атты бейнебайқау және «Көзімнің қарасы» атты виртуалды концерт өткізу жоспарланған. Сонымен қатар қазір «Abai world challenge» атты Абайдың өлеңдерін әлемнің 10 тілінде оқудың халықаралық бейнемарафонына дайындық жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Ең маңызды іс-шаралар қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың және ЮНЕСКО Бас директоры О.Азуленің қатысуымен Семей қаласында өтеді деп жоспарлап отырмыз.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі бас ғимаратының аумағында «Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылуын, ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Абай мұрасы және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізбекпіз. Қазақстандық эстрада жұлдыздары мен опера әншілерінің қатысуымен көрермен залы 5 000 орынға есептелген көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде әдеби музыкалық шара өткізу жоспарлануда.
Қазір ұлы ақынның негізгі мерейтойлық шарасы өтетін «Этноауыл» этномәдени кешенінің ашылуына қызу дайындық жүріп жатыр. Бұған Абай ауданында жоспарланған мәдени және спорттық іс-шараларды қоссақ болады. Сондай-ақ 2020 жылдың 14-15 қазанында ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде танымал отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдардың, әдебиеттанушылардың, жазушылардың, ақындардың қатысуымен Халықаралық ғылыми-практикалық конференция және мерейтойлық гала-концерт өткізу жоспарланған.
– Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына 3 жыл болды. Бағдарлама аясында қыруар шаруа атқарылды. Олардың сәтті жүзеге асқандары – «100 жаңа есім», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Заманауи қазақстандық мәдениет» жобалары. Жүзеге аспаған бағдарламалар бар ма?
– Осыдан 3 жыл бұрын 12 сәуір күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тамыры терең, мағынасы ауқымды ұлттық кодымызды сақтап қалуға және рухани құндылығымыз бен адамгершілік жағынан мемлекеттің дамуына елеулі әсері бар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді.
Осы бағдарлама аясында Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы», «Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі», «Архив-2025» атты арнайы жобаларды іске асыруда. Атап айтсақ, «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы» арнайы жобасы бойынша 2017 жылдан бері жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне 256 нысан (оның ішінде 23 тарихи-мәдени ескерткіште ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталды) және жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне – 575 нысан енгізілді. 2019 жылы өңірлерден тағы да 200 нысанды қосуға өтінім келіп түсті. Бағдарлама аясында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІІ томының тұсаукесері өтті. Биыл IV томының тұсаукесері жоспарланған. Қазір осы энциклопедияға материалдар жинау жұмыстары жүргізілуде. Энциклопедияның IV томында ШҚО, СҚО, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының киелі нысандары бойынша толық мәліметтер беру және қамту жоспарлануда. 2019 жылы Алматы облысында «Таңбалы», Түркістан облысында «Отырар» мұражай-қорықтарының сапар-орталығы құрылысы аяқталды. 2020 жылдың І жартыжылдығында Қарағанды облысында «Ұлытау» сапар-орталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 95%-ы аяқталды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, түгел түркі дүниесінің бесігі Түркістан қаласын қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Киелі мекендегі «Түркістан» тарихи қалашығының басты компоненті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның ескерткіші болып жариялануына байланысты 2019 жылдың ақпан айында қалашықтың даму жоспары Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде таныстырылды.
Сонымен қатар министрлік шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты арнайы жобаны жүзеге асыруда. 2017 жылы «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі іс-шарасы бастау алды. 3 жылда аталған іс-шара аясында көрмелер әлемнің 26 елінде өтті (Беларусь, Ресей, Әзербайжан, ҚХР, Польша, Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Венгрия, Чехия, Малайзия, Грекия және т.б.).
2018-2019 жылдары алғаш рет қазақстандық авторлардың ең үздік әдеби шығармаларын (поэзия және проза бойынша) БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жобасы іске асырылды. Сондай-ақ қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы мен қазіргі қазақ прозасының антологиясы БҰҰ-ның 5 тілінде шығарылды. Сондай-ақ, Нью-Йорк қаласындағы Barclays Cente концерт залында Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында Димаш Құдайбергеннің шығармашылық концерті табысты өтті.
– Осыдан 2 жыл бұрын Мемлекет басшысының шешімімен шілде айының соңғы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді. Былтыр бұл мерекені ел бойынша жоғары деңгейде атап өттік. Қазір жағдай басқаша. Еліміз пандемиямен күресіп жатқан тұста мерекелік шараның өткізілуі қалай болмақ?
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және жаңғырту идеясы төңірегінде қоғамды одан әрі біріктіру мақсатында шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді.
Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылдың 5 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ғимаратының алдындағы алаңда Мемлекет басшысының қатысуымен өңірлермен тікелей телекөпір форматында Қазақстанның барша тұрғындары үшін «Ұлттық домбыра күнін» өткізуді жоспарлап отыр. Тікелей эфир форматында 2 сағаттық музыкалық бағдарлама ұсынылады. Бұл іс-шараны республикалық арналардың бірінен тікелей эфирге қосу жоспарлануда.
Тікелей қосылым арқылы әрбір аймақ, дәстүрлі өнер туралы презентациялық бейнефильмдер ұсынатын болады. Онда бірегей мектептер мен домбыра, дәстүрлі ән салу мектептері, өңірдің көрнекті тұлғалары сөз алып, әрі қарай өңірлік ұжымдардың өнер көрсетуі жоспарланған.
Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 12.00-де Қазақстанның барлық облыстарынан қатысушылар Құрманғазының «Сары-Арқа» күйін бірлесіп орындайды. Сондай-ақ этнографиялық музей кешені мен қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алаңда киіз үйден тұратын этноауыл-этнографиялық музей кешені мен музыкалық аспаптар дайындайтын қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізіледі.
– Сіз басқарып отырған министрлік сан саланы қамтиды. «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыланғанын білеміз. Сіздердің кей бастамаларыңызды құптағандар да болды, қарсы шыққандар да кездесті. Жалпы, букмекер кеңселері, бәс тігу, лотерея мәселелеріне қатысты пікіріңізді білсек?
– Ойын бизнесі дегенде, ең алдымен қарапайым азаматтардың мүддесін ойлауымыз керек, туындаған мәселелерге солардың көзімен қарауға тиіспіз. Бүгінде Қазақстанда жалпы саны 76 лицензия берілген екен. Оның ішінде 11 – казино, 13 – ойын автоматтары залы, 41 – букмекер кеңсесіне, қалған 11-і тотализаторларға тиесілі. Министрліктің реестрінде букмекер кеңсесінің 1 171 кассасы мен 32 тотализатор кассасы бар. Яғни, әлемде қанат жайған ойын бизнесінің біздің еліміздегі дамуы да қарқынды екен.
Міне, осы айтылған букмекер кеңселері мен тотализаторлардың орташа жылдық айналымы 45 млрд теңгенің шамасында болып шықты. Тек өткен жылдың өзінде ел қазынасына осындай ұйымдардың салық пен басқа да түсімдерінен 15,2 млрд теңге табыс түскен екен. Бұл сала 2007 жылдың 12 қаңтарынан «Ойын бизнесі туралы» заңмен реттеліп келеді. Алайда уақыт өте аталған құжаттың құмар ойындарының шырмауына түсіп жатқандар мәселесін толық реттей алмай отырғанын байқадық. Бәс тігу орындарында жасы бар, жасамысы бар соңғы ақшаларын ұттырып, өмірден баз кешкен оқиғалар жиілеп кетті.
Жалпы, «лудомания», яғни құмар ойынға құштарлықты, бой алдыруды Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде отбасын ойран қылар жүйке аурулары санатына жатқызған. Соңғы жылдары еліміздегі жеке медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарына «лудоманияға» шағым айтып келушілер саны күрт артқан. Мәселен, 2018 жылы мұндай адамдар саны – 203 болса, былтыр бұл көрсеткіш 421-ге жеткен. Ал биылғы жылдың 4 айында 534 болыпты. Әлбетте, мұндай жағдайдың көпшілігінде (99%-ында) ойынқұмарлардың туған-туыстары шағым айтып келеді. Бұдан өзге ойын бизнесіндегі жеңіл ақша мен жедел баюға құштарлық та елдегі қылмыстық ахуалды нашарлатуға өз үлесін қосуда. Тек 2019 жылы букмекер кеңселері мен тотализаторларда 17 қылмыс жасалған.
Міне, осы деректерден-ақ «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістер енгізу қажеті туындағанын байқау қиын емес. Аталған құжатқа біздің министрлік бірқатар өзгерту енгізуді ұсынды. Ол ұсыныстарымыз Парламент Мәжілісінің 12 жұмыс тобында жан-жақты талқыланып, заң жобасына депутаттар тарапынан 150-ден астам өзгеріс енгізілді. Олар: букмекер кеңселері мен тотализаторлардағы ақша айналымын қадағалау, көлеңкелі кәсіптің жолын кесу мақсатында арнайы есепке алу орталығын құру, құмар ойынның құрығына түскен жанның жақындары сот арқылы оны казинолар мен ойын автоматтарына жолатпау туралы шешімге қол жеткізіп, бауыры, жолдасы, жанашырының қауіп шеңгелінен босап шығуына ықпал ете алатыны дер едім.
Естеріңізде болса, елдегі казиноларды жаппай Қапшағай мен Бурабайдағы арнайы аймаққа көшіру жұмыстары 2007 жылы шыққан заң шеңберінде жүзеге асырылған болатын. Әрине, сол бекітілген аумақты кеңейтуге талпыныс болды. Бірақ біз ондай ұсыныстарды қабылдамай, міне мына букмекер кеңселері мен тотализаторларды да сол осыдан 13 жыл бұрын бекітілген ойын аймақтарына көшіру туралы талап енгізіп отырмыз. Мәжілісмендер мақұлдауын алған аталған құжат 1 маусымнан Сенат депутаттарының қарауына өтті.
– Соңғы кездері елімізге танымал «жұлдыздар» әлеуметтік желілерде түрлі ұтыс ойындарын ойнатуды әдетке айналдырды. Олардың бұл әрекеті қоғамда қызу талқыланып жатыр. БАҚ-та әншілер туралы жағымсыз пікір қалыптасқаны да жасырын емес. Жалпы, заң бойынша әртістердің ұтыс ойындарын ұйымдастыруға құқықтары бар ма? Министр ретінде, өнер адамы ретінде көзқарасыңызды білсек.
– «Лотереялар және лотереялық қызмет туралы» заңның 1-бабы 13-тармағына сәйкес Қазақстан Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпандағы № 48 қаулысымен 15 жыл мерзімге еліміздегі жалғыз лотерея операторы болып «Сәтті Жұлдыз» АҚ белгіленді. Осыған байланысты, еліміздегі барлық лотереялық іс-шараны өткізуге тек осы мекеме ғана құқылы. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, әлеуметтік желілерде ынталандыру ұтыс ойындарын өткізу лотерея қызметі болып есептелмейді және министрліктің реттеу саласына кірмейді. Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігі өнер саласында жүрген азаматтардың ондай күмәнді ұтыс ойындарына атсалысуын құптамайды және халық сеніміне ие болған әншілерімізді мұндай іс-әрекеттен аулақ болуға шақырады.
– Биыл әншілердің фонограммамен ән салуын шектейтін заң жобасы талқылана бастады. Осы құжаттың жайы қалай болып жатыр?
– Мәдениет саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фонограмманы пайдалану мәселесін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірленуде. Құжат қазір Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауында. Депутаттардың түзетуі шеңберінде «Мәдениет туралы» заңның 7-бабы 35-10) тармақшасында музыкалық туындыны орындау кезінде фонограмманы пайдалану туралы көрерменге алдын ала хабарлау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін көздеу ұсынылады. Яғни, кез келген орындаушы концертінде айтылатын әннің қаншасы жанды дауыста болатынын көрерменге алдын ала ескертуге міндеттеледі.
– «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығындағы» дауға қатысты не айтасыз? Жалпы, ұлттық киноға бөлген қаржының қайтарымы бола ма?
– Бүгінгі күні Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасына қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл іске қатысты алдын ала қандай да бір пікір айту ертерек деп санаймын. Тиісті тергеу жұмыстарының ақырын күтейік.
Заңнамада қазақстандық және шетелдік бизнес-құрылымдар үшін кинобизнесті тартымды ететін, Қазақстан аумағында фильмдер шығару мен ұлттық фильмдерді прокаттау кезеңінде салықтық жеңілдіктер мен басқа да қолдау шаралары көзделген. Айталық, кино өндіріс кезінде 12% мөлшерінде ҚҚС-нан (қосымша құн салығынан), ұлттық фильмдерді прокаттау кезінде 20% мөлшерінде КТС-нан (корпоративтік табыс салығынан) босату, сондай-ақ шетелдік өндірушілер үшін 30%-ға дейін субсидия қарастырылды.
Сонымен қатар аталған заң аясында тұңғыш рет инвесторлар мен жеке капиталды тарту мақсатында ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың жаңа тәсілі енгізілді. Мәселен, егер осы күнге дейін барлық фильмдер 100% мемлекет тарапынан немесе жекеменшік есебінен қаржыландырылса, заң қабылданғаннан кейін коммерциялық жобалар мемлекеттік-жекеменшік қаражат есебінен ішінара екі жақтан қаржыландырылуы мүмкін. Ал 3 жылдан кейін фильмдер шығару бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 30 % төмендемек.
Сондай-ақ прокаттаудан түскен түсімнің 20% мөлшеріндегі қаржы жаңа жобалар өндірісіне бағытталатын болады. Бұл ретте біз кино түсіремін деген кісілердің қызығушылығын оятуды, оларды жан-жақты ынталандыруды басты мақсат еткенімізді айта кеткім келеді. Әрине, кез келген өзгеріс қандай қоғамда болмасын қолданысқа ешқандай қарсылықсыз еніп кете алмайды. Осыны ескере отырып, біз қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша арнайы жұмыс тобын құрып, саланың ескерілмей қалған түйткілді тұстарын жетілдіру шараларын қолға алдық.
Бұған дейін кино саласы «Мәдениет туралы» заңның 6 тармағымен ғана реттеліп келгенін, жаңа заңымыздың кем-кетігі алдағы уақытта қоғам өкілдерінің талқылауымен сапалы деңгейге көтерілетініне сенімдімін.
Бүгінде еліміздің кино өндірісін дамытуға Қазақстанның мақтанышына айналған «Қазақфильм», 114 жеке кинокомпания және 12 анимациялық компания жұмыс істеп жатыр. Осындай ауқымды нарықтың жұмысын жүйелеп жолға қою, саланың ілгерілеуіне ықпал ететін негізгі құрал, ол – осы заңымыз. Оның сапалы болуына мүдделі тараптың барлығына, құжаттың заман талабына сай өзгеруіне атсалысамын деген мамандардың бәріне «бірігіп биіктерді бағындыра берейік» деген ұсыныс, өтініш айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС