МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ӘБІЛПЕЙІЗ ХАН

ӘБІЛПЕЙІЗ ӘБІЛМӘМБЕТҰЛЫ – Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің ұлы. Деректерде оның есімі «Әбілпеиіз», «Әбулфаиз» деп жазылады. Әбілпейіз сұлтан 1743 жылы жоңғарларда аманат ретінде болған. Билік құрған жылдары 1771-1783 деп көрсетіледі. Зерттеулерде Галдан Церенге Абылай сұлтанның орнына Жоңғарияға «Әбілмәмбет хан және Барақ сұлтан екі ұлын бала-шағаларымен және басқа да қырық отбасын аманатқа жібереді» деп жазылады [Моисеев, 1983. С. 187].

Әбілпейіз жастайынан қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайына қарай көптеген жауапты тапсырмалар орындаған. Оның жоңғарлармен болған соғыста атағы шыққан. Ол Абылайдың көмекшісі, мүдделес әскери серігі болды. 1757 жылы қалмақтарға қарсы соғыста, қытайлармен Тарбағатай, Алтай таулары үшін күреске қатысып танылады. Ресейге, Қытайға елшілер жіберіп, көрші елдермен сауданы нығайтуға тырысқан. Қазақ арасында «найманға Әбілфаиз хан болғаны, заманында ел Құлжа, Шәушек қолтығы, Жайсан көлінің жоғарғы жағына, Ертістен өтіп, Алтай етегіне дейін барғаны» деректер де жазылған [Артыкбаев, 2001. С.153]. Шығыс Қазақстан аймағында билік жүргізген.
XVII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығы мен Цинь империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттарда «қазақ Әбілпеис жіберген елшілер» туралы деректер көп кездеседі [100 құжат, 1998. 66-67 бб.]. Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатып, қазақ-қытай, қазақ-орыс қатынастарының дамуына зор үлес қосты [Қазақстан, 2005. 84 б.]. 1760 ж. орыс жазба деректерінде Әбілмәмбет ханның ұлдары Болат, Әбілпейіз туралы «Бірі – Алтай арғын, екіншісі — қаракерей найманда билік етеді» деген дерек айтылады. Орта жүз қазақтарын сауда жасауға рұқсат беруге қатысты құжаттарда Аягөз, Көкжол, Жанғыздан Шаған өзендері бойымен көшкен қазақ жұрты Троицк бекінісінен алыста болғандықтан, наймандар, үйсіндер және барлық Үлкен орда Троицк бекінісінде сауда жасай алмағандықтан Семей бекінісінде сауда жасауы қажеттігін айтады [КРО-1. С. 638]. Әбілпейіз сұлтанның орта жүз қазақтарының Семей қорғанында сауда жасауға қатысты 1762 ж. 21 қаңтарында жазған құжаттары бар. Көрші елдермен сауданы нығайтуға тырысқан. Ресей мен Орталық Азия (Қытай, Ташкент, Бұхара) елдерінің арасында сауда-саттықтың Шығыс Қазақстан арқылы өтуінде белсенді іс-әрекеттер жасады. 1764 ж. орыс көпестері мен қазақтар арасында сауда жасауда Семей бекінісінде сауда айырбас бекетінің ашылуына жағдай жасап, сауда жасаушы тараптарға сауда керуендерін қорғап, алып жүруге ықпал жасады [Ерофеева, 2001. С.128, 129].

Әбілмәмбет ханның екінші ұлы 1771 ж. найман тайпасының қаракерей және басқа да руларын басқарды. И.Г.Андреевтің дерегінде Әбілпейіз сұлтан туралы «Он был в рассуждении тихого своего нрава весьма в почтении, и 1783 году умер, и тело его в 1784 году отвезено сыном его Пупы — салтаном в город Туркестан…» деп жазылған [Андреев, 2007. С.55]. Шыңғыстаудың солтүстік беткейінде Әлпейіз өзенінің жоғарғы жағында, Әбілпейіз сұлтан бейітінің басына салынған кесенесі XVIII ғасырдан сақталған [Қазақ мәдениеті, 2005. 83 б.]. Диаметрі 9 метр шикі кірпіштен тұрғызылған бұл кесене Әбілпейіз ханның уақытша қойылған жері болса керек. 1783 жылы жайлауда қайтыс болып, Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген [Артықбаев, 2001. С.153].

Алдыңғы ақпарат

Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті

Келесі ақпарат

ТАРИХИ ШЕШІМДЕР- БОЛАШАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ