🔹 Бүгін тарих апталығы аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Экспозиция және көрме қызметі бөлімі №32 жалпы білім беретін мектепте ықпалды әрі мазмұнды көшпелі көрме-дәріс ұйымдастырды. Бұл шара мектептің рухани өміріне жаңа тыныс сыйлап, оқушыларды Түркістанның тереңге тартқан тарихи мұрасымен жақыннан таныстырды.
🔹 Көшпелі көрме барысында музей мамандары сан ғасырлық өркениеттің құндылығын сақтап келген бірегей жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынды. Оқушылар қыштан жасалған тұрмыстық бұйымдарды, зергерлік қолөнер туындыларын, археологиялық табыстарды, сондай-ақ сирек кездесетін қолжазба Құран кітаптары мен олардың түсіндірмелерін тамашалады. Әр экспонат жас көрерменге бабалар өмірінің тынысын сездіріп, өткеннің мәні мен мұратын терең ұғындырды.
🔹Іс-шара барысында музей қызметкерлері жәдігерлердің жасалу тәсілі, қолданылу ерекшелігі, тарихи кезеңі мен мәдени маңызы жайында мазмұнды ақпарат берді. Оқушылар дәріске белсенді қатысып, өздерін қызықтыратын сұрақтар қойып, назарын аударған бұйымдарды зерделей отырып, өз өлкесінің тарихына жаңа қырынан қарауға мүмкіндік алды.
🔹 Тарих апталығы аясындағы бұл танымдық бастама оқушылардың білім көкжиегін кеңейтумен қатар, туған жердің бай мұрасын қастерлеуге, ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға серпін берді. Түркістанның тек көне шаһар ғана емес, бүкіл халықтың рухани жүрегі екені тағы бір мәрте айқындала түсті. Осындай көшпелі көрме-дәрістер жас ұрпақтың тарихи түсінігін байытып, туған өлкені сүю сезімін тереңдетуге маңызды үлес қосады.
Т.Бердібек, мәдени-іс шара ұйымдастырушы.










