МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Беті тілінген грек қызы

«Жұмыстан келген бетім еді, – дейді, Əубәкір қарының ұлы Нұғыман ақсақал, – Бір грек ағайынды ертіп танысым үйге кіріп келе жатты. «Саған әдейі келдік» деді ол. Мына кісінің 12-13 жастағы қызы шалықтап, ауырып қалыпты. Өздерінің попына барса:

– Бұл күшті дерт, оған мұсылман перінің салқыны тиген. Менің шамам келмейді, – депті. Ол:

– Осы қалада мұсылмандардың «святой» бір шалы бар. Соған барыңдар, – деп жіберіпті. Ол кісі сіздің әкеңіз екен. Ертіп барады деп саған келдік,- деді. Өздерінің көлігімен атамның үйіне бардық. Олар тыста қалды. Мен ішке кірдім. Ішке кірсем атам киініп, біржаққа бармақшы болып дайын отыр екен. – Ә, балам, қасыңда бір қайырдінің бар, оның серігі бар, келеді-ау деп күтіп отыр едім, – демесі бар ма.

– Ата, оны қайдан білесіз? – дедім.

– Ой, сенің «милиция» сауалыңды-ай осы. Жүр, одан да әлгі қайырдіннің (діні басқа деген сөз) қызына барайық, – дейді. Содан гректің үйіне бардық. Қызы 12-13 жасар, қос езуін ала құлақтың жұмсақ ұшына дейін пышақпен осып өткендей, қаны шып-шып тамшылап, қанталап тұр. Түнде ел жата өз бөлмесінде ұйықтап жатқан қыз шар ете қалады. Әкесі мен шешесі жүгіріп барса, ес-түсінен айырылып, беті тілінген қызының жатқанын көреді. Атам қыздың бет-аузын ары-бері қолымен ұстап көрді де:

– Мына қайырдінге айт, қызын шамасы жеткенінше жуындырсын. Өзі де, әйелі де шомылсын. Мұның әйелі ауруханада істейді. Ана ауырғанда астынатөсейтін ақ жайма бұл үйде көп. Содан ертең мен келгенде өзі де, әйелі де, қызы да астына төсеп, үстінде дайын отырсын, – деді. Біз танысым екеуміз грекке оны орысшалап аудардық.

– Сен барып, жұмысыңнан сұранып келе аласың ба, балам? – деді жолда маған атам.

– Иә, үш күнге сұранайын ба?

– Иә, сенің жанымда болғаның абзал, – деді, ол. Содан ертеңгісін атам келіп, қызды оқи бастады. Оқуға кіріспес бұрын маған: – Оқып жатқанда қыздың бетіне қараушы болма. Аналарға да ескерт, – деп шарт қойды. Мен: «Мақұл», – дедім. Бірақ көруге ынтықпын. Оқып жатқанда атам білмейді ғой деп, қос қолымды тарақтап сығалап қарасам, бір қара өрмекші жарықтың ол жақ шеті мен бұл жақ шетіне өрмек тоқығандай жыбырлап жүр екен. Атам менің қимылымды байқап: – Не деген адамсың! Саған ойын керек пе? Бұл мақұлық маған оңайлықпен бағынады дейсің бе? Әбден ашынған ол қызды тастай сап, сенің бетіңді тіліп кетсе не болады! – деп ұрсып берді. Содан үшкүннен соң қыздын беті қарақошқылданып, ота жасағандай бітіп кетті. Олар атама мол сыйлық жасап, риза пейілмен шығарып салды.

Алдыңғы ақпарат

Арыстанбабтың кесенесі қалай тұрғызылды

Келесі ақпарат

Ашудың азабы