Белгісіз сағананы зерттеу жұмыстары жалғасуда

Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқандығы белгілі.

Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік бұрышынан 5 метрдей қашықтықта орналасқан белгісіз сағана да қайта жаңғырту жұмыстарынан өтіп жатқанын хабарлаймыз.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағы ескі заманнан бері Түркістан қаласы тұрғындарының қорымы болғандығы бәріне мәлім. Кесененің ішінде және айналасында қазақ халқының хандары, сұлтандары, батырлары мен билері, игі-жақсылары жерленген.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері қорық-музей құрылған жылдан бастап көптеген тарихи-мәдени орындарды ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жерленген тұлғалардың көпшілігінің тарихи деректері сақталмағандықтан иелерін анықтауға мүмкіндік болмаған. Сол себепті кесене жанындағы бірқатар қабірханалар — «Белгісіз сағана» деп аталған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік бұрышында орналасқан белгісіз сағана туралы алғаш рет КСРО кезінде археологтар ақпарат берсе, 1997 жылы қорық-музейдің археологы, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы орайда қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша ғылыми есеп және мақалалар берілген. Сағана ішінде жерленген ер адам жайлы зерттеуді антропологтар әрі қарай жалғастыруда.

Қазіргі кезде «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары сағананы қайта қалпына келтіріп, қоршау және арнайы тақтайша орнату жұмыстарын жүргізуде.

Белгісіз сағанаға ескерткіш мәртебесін беру үшін заң талаптарына сәйкес тиісті құжаттамалық жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік желіде жазылған жаңа тарихи орын табылды деген ақпараттың шындыққа жанасымсыз екендігін мәлімдейміз.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

#bizbirgemiz #onlinedabol #Turkistan #тарих

Алдыңғы ақпарат

Нұрболат Қадырұлы онлайн-сұхбат берді

Келесі ақпарат

16-17 маусым күндері өтетін онлайн — кездесулер жоспары