МАҢЫЗДЫ :

nothing found

БЕЛГІСІЗ САҒАНА, ХVІ-ХVІІ ғғ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс беткейінен 45 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.830΄, 068˚16.226΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 218м. Бейіттің жоғары бөлігі қандай болғандығы белгісіз, тек төменгі мүрдеханасы жақсы сақталып қалған. Сағананың ішкі келбеті сыланбаған. Еден сазды. Еденде, ағаш жәшік типтес беті ашық табыттар, олардың ішінде 7 ересек, бір жас баланың мәйіттері орналасқан. Бұл мазарда жерленген адамдар жайында ешқандай дерек жоқ және соған байланысты «белгісіз мазар» деп аталды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша жинағына №590.8 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.

Жалпы «Белгісіз сағана» деген атау дұрыс емес. Архитектуралық сөздікте «Сагана – надгробная прямоугольная ограда» деп анықтама береді. Яғни «сағана» сөзі моланы қоршап қаланған төрт бұрышты, үсті ашық құрылыс, қазақша атауы «төртқұлақ». Себебі, бұл құрылыстың төрт бұрышын қабырғаларынан бір метр, немесе жарты метр биік етіп қалайды, алыстан төрт бұрышы шошайып тұрады. Ал, мына құрылысты жер астына төрт қабырғалы етіп салып, күмбезбен жауып, төрт қабырғасында да тереңдігі 0,8м, ені-4,33м, биіктігі-2,8 метрлік ниша-ойықтар орналастырылған күрделі құрылыс. Орысша «склеп» деп аталатын бұл құрылысқа өлікті көмбей, кебінге орап еденіне жатқызып қоятын. Қабірді «лаһат», немесе «мүрдехана», тіпті болмағанда «мәйітхана» деп атаған дұрыс. Үстінде бір кездері аман тұрған кесенесінің іргетасы сақталған, биіктігі – 0,6м, көлемі де жер асты құрылысының ниша-аркаларын қосқандағы өлшемге, яғни 6,76м тең. Құрылыстың сыртқы өлшемдері 9х8,75м, есігі ОШ беттен шығарылған, биіктігі – 2,5м, ені – 0,8м, тереңдігі – 1,2м. Бөлмені жапқан күмбез уақыт өте келе отырып, тайпақ күйге келген. Күмбездің жиегі мен ұшының арасы бар-жоғы 1м 16см ғана, яғни, кемінде 35см-ге шөккен.

Құрылыс 1975ж. жер тегістеу кезінде кездейсоқ табылып археологтар Л.Б.Ерзакович пен Б.Нұрмұханбетов және сәулетші А.Ордабаев зерттеген. Сүйектерді антропологиялық зерттеу жүргізу үшін Алматыға алып кеткен дейді реставраторлар. Құрылыс жанұялық немесе рулық мүрдехана қызметі мен кесене қызметін қоса атқарған. Археологиялық зерттеулер құрылыстың XVIғ. салынып XVIIғ. бірінші жартысына дейін 150 жылдай пайдаланылғанын көрсетті.

Әдебиеттер:

  1. Ерзакович Л.Б., Нурмаханбетов Б. Ордабаев А. Подземное погребальное сооружение в Туркестане // Археологические раскопки в Отраре. – А-Ата, 1977. – С.59-72.
  2. Мазар безымянный, ХҮІ в. // Свод памятников истрии и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. Алматы, 1994. –С. 279. №590. 8.
  3. Тұяқбаев М.Қ. Ескі Түркістан пантеоны // М.Елеуовтың 70 жылдығына арналған конференция материалдары. А., 2016. 191-197 бб.
  4. Словарь иностранных слов. М.,1998.- С.358.
Алдыңғы ақпарат

СӘДУАҚАС АТА МАЗАРЫ, ХІІ ғ.

Келесі ақпарат

БЕЛГІСІЗ ЖАҢА МҮРДЕХАНА, ХV-ХVІ ғғ.