МАҢЫЗДЫ :

nothing found

БАРАҚ ХАН ТҰРСЫН ҰЛЫ

Барақ хан Тұрсын ханның баласы, Қодай Менде сұлтанның немересі. Қазақ хандарының Жәдіктен тарайтын әулетіне жатады. Барақтың туылған жылы белгісіз. Қайтыс болған уақыты шамамен 1750 жылдың ақпан-наурыз айлары. Ол Қырықсан Барақ-сұлтан, Барақ хан, Кіші Барақ, Барақ-сұлтан, сұлтан Барақ-батыр деген есімдермен белгілі болған. 1749 жылы тамыз-қыркүйек айлары мен 1750 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында хан болды (Артыкбаев, 2001: 139). Барақ ханның бізге белгілі жеті ұлы бар: Сығай, Бөкей, Қанқожа, Дайыр, Ханбаба, Маман, Нұралы (Ерофеева, 2001: 121). Барақ хан XVIII ғасырдың 20-жылдарының аяғы – 30 жылдарының басында қазақтардың танымал әскербасыларының бірі болған. Жоңғарларға, қарақалпақтар мен қалмақтарға қарсы соғыстарда көзге түскен. Хан болғанға дейін өз руына билік жүргізген және Орта жүздің атақты, беделді биі Қазыбек Келдібекұлының қолдауына ие болды. 1742 жылдың қарашасында ресми түрде Ресейдің қарамағына өтеді. Алайда қоластындағы тайпалардың шығыста орналасуына байланысты жоңғарларға қарай бет бұрып, жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенге (1727–1745) бірнеше рет сыйлықтар жіберіп, 1744 жылдың басында ұлы Сығайды аманат ретінде Жоңғарияға жіберген. Ол аманат ретінде жүрген Әбілмәмбет сұлтанның ұлы Әбілфеиіздің орнына барады. 30-жылдардың ортасына қарай Әбілқайырдың саяси тұрғыдағы ең басты жауы мен қарсыласы болған. Орынбор генерал – губернаторы И.И.Неплюевтің (1742–1759) қолдауына ие болған (Ерофеева, 1997: 116–118). 1748 жылдың шілдесінде орыс елшісі М.Тевкелев Әбілқайыр ханға жолығып, барлық талас мәселелері жөнінде келісімге келді. Ханға жақтас билер мен сұлтандар «Әбілқайырдың еркіне көшу» туралы қаулы алды. Бірақ ханға қарсы топтың күресі онан сайын күшейе түсті. Хиуа ханы Қайыптан Бараққа сыйлық алып келе жатқан елшілерді Әбілқайыр адамдарының жолай тонап алуы Барақ сұлтан мен хан арасындағы қарулы жанжалға әкеп соқты. Осы жанжал үстінде Барақ Әбілқайырды өлтірді. Барақ хан туралы тарихи деректер жеткілікті. Ол туралы Ш.Уәлиханов, В.В. ВельяминовЗернов еңбектерінде де кездеседі. 1749 жылы Орта жүз бен Ұлы жүздің игі жақсылары Төле бидің ықпалымен Барақты хан етіп сайлады. Бірақ, жоңғар ханы Цеван-ДоржиАджи-Намжил өз адамдарына оны қалайда тұтқындауды тапсырады. 1750 жылы Қарнақ қалашығында Барақ ханды жоңғар тыңшылары уландырып өлтіреді де, оның денесі Түркістанға қойылады.

Алдыңғы ақпарат

СЕЙІТ ХАН СӘМЕКЕ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

СЫҒАЙ ХАН БАРАҚ ҰЛЫ