Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Балалық шаққа саяхат» атты тақырыптық көрмесі өтті.
Көрме екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде әртүрлі кезеңдерге тән ойыншықтардың түрлері қойылды. Қатысушылардың көрмеде ұсынылған ойыншықтарды ұстап көруіне және олармен ойнауына мүмкіндік берілді.
Көрменің екінші бөлімінде интерактивті алаңда қонақтар ләңгі теуіп, асық атып, мак, «жүзігім-жүзігім», «Ақсерек пен Көксерек» және түрлі доп ойындарын ойнады.
Іс-шара барысында қатысушылар мерекелік атмосфераға бөленіп, балалық шақта асыр салып, ойнап жүретін алаңсыз қуанышты сәттерін еске алып, балалық шаққа саяхат жасады.
Айта кетері, көрмеге қойылған ойыншықтарды музей-қорық қызметкерлерінің өздері алып келді. Балалық шақтан естелік болған дүниелер мен белсенді ойындар көпшіліктің көңілін көтерді.









