МАҢЫЗДЫ :

nothing found

БАЙТЕМІР СҰЛТАН

Туылған, қайтыс болған жылы белгісіз. Ғылыми әдебиеттерде ол туралы мәлімет жоқтың қасы. Тек О. Дастановтың «Қазақстан» баспасынан 1967 жылы басылған «Əулиелі жерлер туралы шындық» атты еңбегінде мынадай мәлімет кездеседі. «…бүгінде бастарында құлпытастары бар осында жерленді деген адамдардың тізімдері де растай түсетін сияқты. Жерленген адамдардың аты, руы, хиджра бойынша өлген жылы (сәнә немесе хиджраның біздің жыл санауымыздан 580 жыл айырмасы бар) көрсетілген», – дей келіп, сол кітаптың келесі бетінде «Ал, құдықханаға кіреберісте мынадай жазулары бар құлпытастар жатыр», – деп тізімде «Байтемір сұлтан, жылы белгісіз» деп көрсетеді. (Дастанов, 1967: 25–26) Сонымен қатар А.Г. Оловинцев пен Г.Ж. Табулдиннің «Чингизиды» атты кітабында «БайТемир (Баймур) – сын Тукай Тимура» (Оловинцев, 2010) деген де мәлімет кездеседі. Бірақ, мұнда да Бай-Темірдің (Баймур) туылған немесе қайтыс болған жылы, атқарған қызметі, өмірі немесе қайда жерленгені жайлы ешқандай дерек кездеспейді. Тұқай Темір Жошының он үшінші баласы екені белгілі, өмір сүрген уақыты XIІІ ғасырдың орта тұсы. Олай болған жағдайда Тұқай Темірдің баласы Бай-Темір XIІІ ғасырдың ІІ жартысында өмір сүрген деуге негіз бар. Әзірет Сұлтан кесенесінде сақталған құлпытастардағы жазуларға қарағанда кесене маңына жерленген тұлғалардың ХІ ғасырдан басталғанын ескерсек (Қоқырас хан – ХІ ғ., Әулие хан – ХІ ғ., Шорнағат хан – ХІ ғ., Ілияс хан – ХІ ғ., Саад әулие (Жолбарыс хан) – ХІ ғ.,) сөз етіп отырған Байтемір сұлтан жайлы мәлімет әлі де зерттеуді, ғылыми сараптауды қажет етеді. Бұл құлпытас, өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін жетпеген, жоғалған құлпытастар қатарында.

Алдыңғы ақпарат

ҚАСЫМ СҰЛТАН АБЫЛАЙ ХАН ҰЛЫ

Келесі ақпарат

МАМАН СҰЛТАН БАРАҚ ХАН ҰЛЫ