«Жеті ата қақпасы» оған қарсы орналасқан (қала сыртындағы) «Жеті ата» мазарының атымен аталған, ол жерде Ахмет Ясауидің, өз өтініштері бойынша, бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі болған. Ол кездері мұнда қалың тұт бағы мен орасан үлкен мазарат болғандығын қала тұрғыны Наушарбай ақсақал айтады. Қақпаның сыртындағы ор үстінде Бабырат ата көпірі болған, одан шығатын жолмен темір жол вокзалына дейін Қоқан арбалар қатынап тұрған. Мазарат та, қорған қабырғалары да 1928-1932жж. дейін сақталып келді. Қақпаның оңтүстік мұнарасының артында Баба-Ғаріп кесенесі мен мешіті орналасқан, қазба барысында оған жақын Үндемес атаның да кесенесі бары анықталды. Баба Ғаріптің екінші аты Баба-Араб, алайда, оның Насабнамасына ие болып отырған ұрпағы Жолдыбаев Өтеген ақсақал Бабаның ата-анасы қойған шын есімі Сабыр Мәлік дейді. Қақпаның солтүстік мұнарасының артында үлкен дүкен мен қойма құрылыстары орналасқан және төбесі жабық майдан алаңы қақпа есігінің артына жайғасқан.
«Бабырат ата» деген атау Баба Араб ата деген сөздің қысқарған түрі. Қақпа, көпір орнында 2008-2011жж. жүргізген археологиялық қазбалар нәтижесінде көпірдің XV-XVIIғғ. жағалық тұғырлары мен ортасындағы тіреуіш іздері аршылды. Сонымен бірге, XIXғ. көпірдің солтүстік жағалық тұғырының іргетасы аршылды (Сызба). Көпірдің 1910ж. түсірілген фотосуреті сақталған, ал, көпірдің кішірейтілген түрі 2019 ж. қайта тұрғызылды.

Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М.Қ., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ., Муташев Е. Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасының тарихи орынында 2009 жіне 2011жж. жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебі. Археология бөлімі архиві.
- Бабырат ата көпірі // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. Түркістан, 2021.85б.








