МАҢЫЗДЫ :

nothing found

БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Халқымызда «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ», «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қарапайым ғана сөздердің тереңінде салмақты мән жатқандығын білеміз. Қазақ халқы қашаннан бабалар рухына тағзым етіп отыруды өзіне парыз-міндет санаған.
Өткен арғы-бергі тарихымызда халқымыздың ел болып, мемлекет құрып ұйысуына хандар мен сұлтандардың, батырлар мен билердің, бертін келе зиялыларымыздың атқарған қызметі мен рөлі зор болды. Солардың бірі де бірегейі – Орта жүз, Қоңырат, Байлар-Жандар руынан шыққан ағайынды Мама әулие (ХVІІІ ғ.) және Сүйіндік батырды (ХVІІІ ғ.) атап өтуге болады.
«Қоңырат» атты шежіре кітабында Мама әулие жайлы, оның ата-бабалары, елге істеген қайырымдылық істері баяндалады. Ал, Сүйіндік батыр жайлы Б.Қасымбек өзінің еңбектерінде Төле бидің Түркістанға келгенін, Көкшетауда Шалқы би ұйымдастырған кеңеске қатысқан Қазыбек би мен Бөгенбай батырлар шұғыл Түркістанға жеткенін және Ұлы билер кеңесі Жоңғар билеушісі Шора Шортанға қазақ елшілерін аттандырғанын жазады. Шалқы би Арғын Нұршайқы батыр мен Қанайұлы Құлан Қайыр батырды бас етіп үлкен қолды оңтүстікке аттандырады. Шайқас Жетісу жерінде, Бақанас маңындағы Босаға елді мекенінде өтеді. Осы сұрапыл шайқаста қаза тапқан Сүйіндік батырдың денесін Құлан Қайыр батырдың шешімімен Түркістанға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлейді. Оның ағасы Мама ел ішінде әулиелігімен, данышпандығымен дараланған тұлға екен. Бауыры Сүйіндік батыр қайтыс болған соң Мама әулие 30 жылдан аса уақыт өткенде дүние салып, аманаты бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, інісі Сүйіндіктің жанына жерленеді. Осы және басқа да деректерді сараптай келе «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының 2023 жылғы 28 шілдедегі Ғылыми кеңесі отырысының №5 қаулысына сәйкес, Қоңырат, Байлар-Жандар Мама әулие, Сүйіндік батыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне енгізілген болатын.
Бұл күндері басымы Оңтүстікті жайлаған тұлғаның ұрпақтары «Екі дүние есігі, Ер Түріктің бесігі» қасиетті шаһар – Түркістан қаласында бас қосып, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне жиналып, бабалар рухына тағзым етті. Зиярат әдебін өткізген, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған Мама әулие, Сүйіндік батыр ұрпақтары Тұран мейрамханасында бабалар рухына арнап ас беріп, құран бағыштады.
Шара соңында Мама әулие мен Сүйіндік батыр ұрпақтары алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қызметкерлерімен бірлесіп, Түркістанда жерленген тұлғаларға қатысты дерек жинау мақсатында, Тәшкен қаласына ғылыми экспедиция ұйымдастыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Шара ұйымдастырушылары музей-қорық басшылығына риясыз алғыстарын білдірді.
Алдыңғы ақпарат

Республика күні мерекесіне орай салтанатты жиын болып өтті

Келесі ақпарат

ЖЕТІ АТА КӨШЕСІ