Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 620 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43.2966337, 068.2622416. Баб Араб кесенесі мен мешіті 2009 жылғы қақпалардың теодолитті түсірілімі мен 2011 жылғы Жеті Ата қақпасын археологиялық зерттеу нәтижесінде жиналған тарихи деректер негізінде қайта қалпына келтірілді. Жұмыс жүргізу кезінде күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт қабырғасы анықталған болатын. Сондай-ақ, Баб Араб мешітінің ізі, төртбұрышты кірпіштен тұратын еден бөліктері табылды. Көп жылдық археологиялық, мұрағаттық зерттеулердің нәтижесінде 2017 жылы Түркістан аумағында жобалау жұмыстарын орындау туралы келісімшартқа қол қойылғаннан бастап Баб Араб кесенесі мен мешітін қалпына келтіру жұмыстары басталды. 2018 жылы Баб Араб кесенесі іргетасын көтеру арқылы толық қайта қалпына келтірілді.
Баб Араб жайлы дерекке келсек О. Дастанов өзінің «Әулие жерлер туралы шындық» кітабында дін иегерлерінің түсіндіруінше Түркістаннан бір кісі Меккеге барады, алайда қайтуға ақшасы жетпейді. Әбден шаршаған ол кісі Мұхаммед пайғамбар мәйітін құшақтап жылайды екен. Күндердің бір күнінде оған бір адам келіп ертенгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатындығын және сол аттың иесі кез келген арманыңды орындай алатындығын айтады. Еліне оралуды қалаған кісі айтылған ағашқа барып байланған қара атты көреді. Аттың шылбырын ұстап оның иесін күтуге қалады. Жұма намазы аяқталған соң аттың иесі келеді, алайда күтіп тұрған кісі шылбырын жібермей оны тастамай алып кетуін өтінеді. Кісіні аяған ат иесі оны артына отырғызып, көзін жұмып және сол сәтте ашуын сұрайды. Көзін ашқан кезде олар Түркістанда болады. Ат иесі «Әзірет Сұлтанға» қарай кетіп бара жатқан кезінде есімін сұрағанда «мен Баб Арабпын» деп айтады да сол сәтте ғайып болып кетеді. Еліне оралған кісі бұл оқиғаны халқына айтып, атпен түскен жерінде Баб Арабқа арнап күмбез салады делінген.

Баб Араб мешіті Жеті ата қақпасының оңтүстік-шығыс бетінде, Баба Ғаріп кесенесі мен Үндемес ата кесенесіне жақын орналасқан. Сонымен бірге, қақпаның сыртындағы ор үстіне Бабырат ата көпірі салынған, мұндағы «Баба Ғаріп» те, «Бабырат ата» да, Баб Араб ата атауының қысқарып, өзгеріске ұшыраған түрі.
Баб Араб мешітінің орынында 2011ж. археолоиялық қазба жүргізіліп жер деңгейінен 2м тереңдіктен мешіттің күйген қыштан қалаған қабырғаларының, еденнің қалдықтары шықты. Қабырғаларының өлшемі 6х6м, еденінің қыш төселген 4,6х3м фрагменті сақталған, төселген кірпіш өлшемдері 28х28х5см. едені үш рет қайта төселген, яғни мешіт үш рет күрделі жөндеуден өткен. Ең соңғы рет 1908ж. едені қайта төселген. Осы кезде ауласына енетін кішігірім қақпасы патша кірпішінен қайта тұрғызылған.
А.И. Добромысловтың «Города Сыр-Дарьинской области» атты енбегінде Баб Араб мешітін соңғы рет 1908ж. шейх уль-ислам атағынан үміткер Атахан қожа Асқар Қожынов өз қаржысына қайта салғызғаның жазады. А.И.Добромыслов Баб Арабты Ахмет Ясауидің шәкірті және Бұхарадағы белгілі медресені салдырған адам деп келтіреді. Мешіт 1930-шы жылдардағы нәубет кезінде қиратылған және орынына өлген адамдар мәйіттері жерленіп кеткен. Мұндай молалар мешіт ауласында да орналасқан. Баба Араб мешіті 2009-2011жж. қазба жұмыстары негізінде 2015-2018жж. қайта қалпына келтірілді. Баба Арабтың Қызылордада тұратын ұрпағы Жолдыбаев Өтеген Ысқақұлының қолында ата-баба шежіресі — «Насабнама» сақталған. Шежіреде Баб Арабтың шын есімі Сабыр Мәлік делінген, яғни, Баба Араб та, Баба Ғаріп те қосалқы есімдері, арабша айтқанда «ныспысы» (нисба) болып табылады.
Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ., Мүташев Е. Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасы маңында 2009ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының есебі. Археология және ескерткіштерді қорғау бөлімі архиві.
- Мұсабаев Қ. Баб Араб мешіті мен кесенесі орынында жүргізілген археологиялық зерттеу // «Қазақ хандығы тарихындағы Түркістанның орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Түркістан, 2015. 279-285 бб.
- Добромыслов А.И. Города Сыр-Дарьинской области. Чимкент, Туркестан. Ташкент, 1912. –С.46.








