Әр қыры 18,5 м шаршы зал аса зәулім етіп жасалған. Қазандық бөлмесінің ортасында ортағасырлық қола құю өнерінің таңғажайып жетістігі, шебер ‘Әбд әл-‘Әзиз ибн Шараф ад-дин Табризидің туындысы — Тайқазан қойылған. Оның биіктігі 158,3 см, ернеуінің диаметрі 243,4 см. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3000 литр. Қазан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Әмір Темірдің тапсырмасы бойынша 1399 жылғы маусым айының 25-і күні құйылған. Бір кездері Тайқазанға дәмі келтірілген су құйылып, жұма намаздан соң кесенеге келгендерге таратылған. Тайқазан тұрғандықтан кесененің орталық бөлмесі Қазандық деп аталған. Қазандыққа шығыс пен батыс жақтардан бірінші және екінші қабаттарда шағын құжыраханалар — тұрғын бөлмелер жапсарлас етіп салынған.
Тайқазан 1399 жылы Ясы қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Қарнақ елдімекенінде құйылған. Тайқазан бетіндегі жазулар үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігінде кіріспе сөзбен басталатын Құран Кәрімнің 9-сүресінен үзінді берілген, одан кейін Пайғамбар хадисімен жалғасқан, одан соң қазанды кім жасатқаны және жасалған жылы көрсетілген. Екінші белдеуді қазанның он құлағы мен он өрнекті томпағы жиырма картушка бөледі. Қатар орналасқан екі картушта шебердің өз аты-жөні жазылған. Үшінші қатарда 22 рет қайталанған Құдайдың құдіреті жайлы ескерту жазылған.
Қазандық бөлмесінің солтүстік ойығында, Қабірханаға кіретін есік алдында қоладан соғылған Лаухасы бар ұзындығы 8 метрлік ту сабы сүйеулі тұр. 1885 жылы кесенеде болған Н.И. Веселовскийдің жазбаларына қарағанда, «есік үстінде қырынан қойылған, ұзындығы төрт саженьнен де көптеу болса керек, жасыл жалау тұр».
Солтүстік ойық ортасындағы оюлы өрнек түскен, сүйектелген XIV ғасырдың ағаш есігі Қазандық бөлмесін Қабірханамен жалғап тұр. Есік жақтауы темір қаңылтырмен қапталып, бетіндегі созыңқы нақыштар ішіне Құран мәтіндері алтын әріптермен жазылған. Есік үстіне бетіне жазу түскен тас тақта орнатылған.
Қазандық бөлмесі Орта Азия мен Қазақстан аумағында ең үлкен күмбезбен көмкерілген. Күмбез жасыл түсті сырлы қышпен қапталған. Қазандық күмбезінің биіктігі 39 м. Күмбез іш жағынан бедерлі сталактиттермен безендірілген. XX ғасыр басында олардың бетінде боялған өрнек іздері анық байқалатын болатын.