2024 жылдың 20 наурыз күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының астанасындағы «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-сәулет және өнер музей-қорығында «Ясауи мұралары және көне Түркістан» тақырыбында халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімін Ислам мәдениеті музейінің директоры — Ильнур Низамиев жүргізді.
Салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөзін сөйлеген қонақтар: ТР мүфтиінің орынбасары — Ришат Хамидуллин әзірет, ТР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары — Юлия Адгамова, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы — Ерлан Ысқақов, ТР ҒА Ш.Марджани атындағы Тарих институтының директоры — Радик Салихов, Қазан Федералды университеті Ғылыми кітапханасының директоры — Эльмира Амерханова, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры — Мәулен Садықбеков, «Қазан Кремлі» музей-қорығының директоры — Ильнур Рахимов.
Іс-шараға қатысқан қонақтар: Түркияның Қазан қ. Бас консулы — Йылмаз Угур, Түрікменстанның Қазан қ. Бас консулы — Гуйч Гараев, Иранның Қазан қ. Бас консулы — Давуд Мирзахани, Қытайдың Қазан қ. Бас консулының орынбасары — Хань Минъюй, Қырғызстанның Қазан қ. Бас консулдығының кеңесшісі — Саламат Акылбек улу, Өзбекстанның Қазан қ. Бас консулдығының бірінші хатшысы — Азизбек Разаков.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының экскурсоводы Данияр Сәдуақасов қонақтарға көрме экспозициясын таныстырды.
Көрме аясында Қазан қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына 190-нан астам жәдігер ұсынылып отыр. Экспозицияда музей-қорықтың қорында сақталған археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық тарихи құнды жәдігерлер қойылған. Көпшіліктің назарына ұсынылған экспонаттар арасынан Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен мұрасына қатысты қолжазбалар мен картиналарды, көне заманда Түркістанда елді мекеннің пайда болғанын айшықтайтын Шербай қорымындағы қола дәуірі кешенінің жәдігерлері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегей шырағдандары, Қазақстан аумағындағы ақша айналымының тарихынан сыр шертетін ортағасырлық монеталарды көруге болады.
Үш бөлімнен тұратын көрме экспозициясы өз заманында Қутб-ул ақтаб, Ахмат сани, Түркі елінің пірі, Машайықтар сәруәрі, Әзірет Сұлтан т.б. құрметті есімдерге ие болған Қожа Ахмет Ясауи мұрасының маңызы мен мәнін, өнегелі өмірін қалың көрерменге танытады. Қасиетті Түркістан шаһарының, қазақ даласы мәдениетінің ежелгі тарихы мен оның әлемдік өркениеттегі өзіндік алатын орнын айшықтап көрсетеді.
Көрме 2024 жылдың 20 наурыздан бастап, 20 сәуірге дейін жұмыс істейді.