МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Қазақстан мен Орталық Азиядағы Ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» кітабының тұсаукесері өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында 2025 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылған болатын.

Аталған маңызды ғылыми-мәдени бастаманың жалғасы ретінде бүгін, 2025 жылғы 3-қазанда Стамбул қаласындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) бас ғимаратында профессор Девин ДиУистің «Қазақстан мен Орталық Азиядағы Ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.

Бұл іс-шара IRCICA мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылып отырған ауқымды жобалардың бірі болып табылады. Соңғы жылдары осы ынтымақтастық шеңберінде халықаралық симпозиумдар, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен ғалымдардың біліктілігін арттыру бағдарламалары табысты ұйымдастырылып келеді. Ал бүгінгі тұсаукесер – осы ғылыми байланыстардың нәтижелі жалғасы.

Іс-шара барысында бірқатар мәртебелі қонақтар сөз сөйледі. Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры, профессор, доктор Махмуд Эрол Кылыч өз сөзінде бұл еңбектің Орталық Азиядағы сопылық дәстүрлер мен Ислам мәдениетін зерттеудегі маңыздылығына тоқталып, қазақ тілінде жарық көруінің айрықша мәнін атап өтті.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев бұл жобаның Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты дамытудағы рөлін жоғары бағалап, болашақта осындай бірлескен бастамалардың көбейетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Түркияда тұратын қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер Решиде Юксел, Қазақстанның Стамбул қаласындаға Бас консулының кеңесшісі Елдар Иманқұлов және Мимар Синан көркем өнер университетінің Тарих бөлімінің басшысы, профессор, доктор Абдулуахап Қара да сөз алып, бұл еңбектің екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызы мен ғылыми құндылығына ерекше тоқталды.

Профессор Девин ДиУистің бұл еңбегі – Орталық Азиядағы Ислам мәдениеті мен сопылық ілімнің, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи ілімінің тарихи және рухани мәнін жан-жақты зерттеген іргелі ғылыми жұмыс. Кітапта Йасауийа тариқатының қалыптасуы, түркілік мұсылман қоғамдарының рухани-мәдени болмысына әсері терең талданған.

Аталған кітаптың қазақ тіліне аударылып, көпшілікке қолжетімді болуы – отандық гуманитарлық ғылым үшін үлкен олжа. Профессор Девин ДиУистің пайдаланған ғылыми әдістері мен аналитикалық тәсілдері қазақстандық зерттеушілерге тың серпін беріп, жаңа зерттеу бағыттарының дамуына жол ашатыны сөзсіз.

Осы тұсаукесер — халықаралық ғылыми ықпалдастықтың нақты жемісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухани мұраны сақтау мен дамыту жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды жобалар арқылы қазақ ғылымының көкжиегі кеңейіп, халықаралық деңгейдегі ғылыми қауымдастықпен байланысты тереңдете беретініне сенім мол.

К.Есжанова, баспасөз хатшысы.

Алдыңғы ақпарат

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Келесі ақпарат

ӘУЕЛГІ СӨЗ Дүкенбаев Нұрлан Мұсағалиұлы