МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҒАР ЖӘНЕ ҚЫЛУЕТХАНА

Бұл кешен Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің 63 жастан кейін жер астына түскен «ғар» бөлмесінің үстіне салынған қылуетхана. Археологиялық қазба жұмыстары жалпы «қылуетханалардың» осындай «ғар» бөлмелерінің негізінде салынып отырғандығын дәлелдейді. Ескерткіште түрлі уақытта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Т.Н.Сенигова, Е.А.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев сынды археологтар А.Л.Шмидтің көшірме нұсқасындағы 18 бөлмеден тұратын кешендік құрылыстың ең көне бөлігі ХІІ ғасырда салынған «ғар» бөлмесі мен оның үстіне дөңгелек етіп салынған мешіт бөлмесі, ал кешеннің басқа бір бөлігінің ХV-XVII ғасырларда, қалған бөлігі XVIII-XIX ғасырларда салынғандығын археологиялық зерттеулер нәтижесінде анықтаған.
Мұндай қылуетханалар кей жерлерде арбағин, кей жерлерде чиллехана деп те аталған. Арбағин – арапша, чилле – парсыша, қырық деген мағына береді. Оның бұлай аталу себебін дәруіштер Дәуіт пайғамбардың кішкене қателігі кешірілуі үшін қырық күн оңаша ғибадат қылғандығы, Мұхаммед Пайғамбардың Хира үңгіріндегі мінәжаты, Мұса пайғамбардың Сина шөлі, Тур тауындағы қырық күндік қылған ғибадат-құлшылығы және тұтқан оразасымен байланыстырады.
Ал «غَار-ғар» мен «خلوة — халуаттың» мағыналарына келетін болсақ «غَار-ғар» араб тілінен аударғанда «үңгір» деген мағынаны берсе, «خلوة — халуат» сөздікте жалғыз, оңаша қалу, оңашалану, секілді мағынаны береді. Сопылық термині ретінде Алладан басқамен байланысты үзіп, оңаша, жалғыз қалып, толықтай Аллаға бет бұрып, құлшылық-ғибадатқа ден қою дегенді білдіреді.
Жалпы бұл екі «ғар» және «халуат» ұғымы бірге қарастырылады. Заманында пайғамбарлар Алладан бір уахи, нұсқаулық келуі үшін тауларда, таудағы үңгірлерде оңаша, жалғыз болуды қажет еткен. Сондықтан әулиелердің шөл жазираларда, тауларда, зираттарда, үңгірлерде халықтан бөлек оңаша, жалғыз қалуға маңыз беруі – пайғамбарлардың мирасы деп қарастырылады. Белгілі бір дәрежеге жеткен әулиелер кейінгі ұрпаққа сыр, хикметтер жазып қалдыру мақсатында тауларда немесе арнайы қаздырып жасатқан ғар-үңгірлерде қылуетке енсе, мүриттері күнадан қорғанып, тиімді құлшылық қылып, тазарып, жүрек көздері ашылып, кеудесі хикметке айналу үшін 40 күнге қылуетке енген.
Мутасаууфтар шығармаларында бұл тақырыпқа көптеп тоқталған. XVIII ғ. Бухара әмірлігінде өмір сүрген, Орталық Азия тасаууф тарихында ерекше орны бар, Ясауия шейхы Шейх Худайдадтың «Бустан әл-мухиббин» атты еңбегі мен Ахмет Ясауидің Анадолыдағы көрнекті ізбасарларының бірі Ахмет Хазинидің «Жауаһир ул-абрар мин амуаж ил биһар» атты еңбегінде халуәт ұғымына қатысты маңызды деректер кездеседі.
Мысалы «Бустан ул-мухиббинде»: Біліңдер, ей, достар! Қылуетке ену екі қысым. Бірі – заһир қылуеті, яғни сыртқы сезім мүшелерінің қылуеті, бірі – батин қылуеті, яғни ішкі жан-дүниенің қылуеті, яғни тариқат қылуеті. Заһир қылуеті – нәпсіден, ағзасынан тарайтын қорлау, зұлымдық қылу секілді жаман пиғылдан мұсылмандарды сақтау. Бұл турасында Нәби ғаләйһи әс-сәлам: «Басқа мұсылмандар оның тілінен және қолынан зардап шекпесе, шын мұсылман сол адам» деген. Түйсігі, санасы, ойы секілді ішкі сезімдері ықылас ниетімен оянып, ашылғанша, өзіне әдет болған нәрселерді және бес сезім мүшесін кісендеп ноқталау. Хақ ризашылығы үшін, халыққа тиетін нәпсінің жаманшылығын жою үшін өлместен бұрын өлу, қабірге кіру ниетімен қылуетханаға кіру керек. Мысалы, көзін сондай қиянаттан және харам назардан, аяғын харам жолға барудан, құлағын жаман сөз естуден, қолын харам нәрсе тұтудан, қарнына харам және шүбәлі нәрселерді кіргізбектен сақтасын» дейді.
Батин қылуеті жөнінде «Әркім қылуетханаға кірер болса, көңілін ішпек, жемек секілді нафсани және шайтани нәрселерден тазартқай. Және дүниеге деген махабаттан және мансап, даңқтан көңілін түгел тазартқай. Және өз ықтиярымен сараңдық, тәкаппарлық, атаққұмарлық, басқа да жағымсыз қылықтарды көңіліне кіргізбесін. Әркім қылуетте отырған соң, бұл жағымсыз қылықтарды көңіліне алса, қылуеті бұзылады. Жүрегі де, жүрегінде болған ізгі, көркем амалдары да зая болады. Жүрегі пайдадан, нәтижеден құр қалады. Сырт көзге жақсы, ізгі амалдар, қылықтар жасап жатқан сияқты болып көрінгенімен, бұлар – күнәһарлар» дейді де қылуетті бұзатын мінез-құлыққа байланысты Пайғамбардың (с.а.у) бірнеше хадистерін келтіреді. Қылуеттен мақсат –нәпсінің қалауларынан құтылып, жүректі тазарту дейді. Егер момын қылуетте отырғанда тәубе қылып, оқып, үйреніп жатып осы айтылған шарттарды ұстанатын болса, Ұлық Алла амалдарын қабыл қылып, жүрегін нұрландырып, терілерін жұмсартып, тілі мен сыртқы және ішкі сезім мүшелерін тазартып, ілімі мен амалын жақын рахметіне және дәрежелерін кешірімі мен ризашылығына көтереді дейді. Қылует мәртебесіне жеткенде, ол адамның жүрегі теңіздей болады. Адамдардың ыза еткендігіне бұлданбайды деп Нәби ғаләйһ ис-саламның: «Теңіз бол! Сонда саған ешнәрсе әсер етпейді. Нафсани қылықтарың сол теңізге тұншығып өледі, мысалы, Перғауынның теңізге батып тұншығып өлгені секілді. Ол теңізді ешқандай да бүлдірген жоқ» деген хадисін келтіреді. Сөйтіп шариғаттың саламат кемесі сол теңізде жүзіп, қасиетті рухы теңіздің түбіне сүңгіп, хақиқаттың дүріне жетеді. Сөйтіп теңізден мағрифаттың маржандары мен меруерттерін алып шығады. Ақиқатында, бұл теңізге заһир және батин қылуетін ұстанған адам ғана қол жеткізеді. Содан кейін, жүректің бұзылуы, бүлінуі мүмкінсіз болып насух тәубеге қол жеткізіп, амалдары ізгі, пайдалы болады. Истиғфар және өкініш қылумен бәрі кешіріліп, ұмыт болады дейді. Белгілі болғандай, Ясауилікте халуәт ерекше маңызға ие және өзіндік әдебі бар. Басқа тариқаттардан ерекшелігі, халуәтке мүридтер топ-тобымен кіреді және халуәт қырық күнге созылады.
Шейх Худайдад тағы да халуәтке кіретін сопылардың төрт негізгі уазифасы мен уирді барлығын айтады. Біріншісі: сәске намазынан кейін кәфарат ниетімен екі рәкағат намаз оқу және әр рәкағатта фатихадан соң кәусар сүресін оқу. Екіншісі: төрт рәкағат тасбих намазын оқу және одан кейін қандай тілегі болса Алладан тілеп, дұға қылу. Үшіншісі: әр күн Құран Кәрімнен жүз аят оқу. Төртіншісі зікірмен шұғылдану. Зікір тұрғысында Шайх Худайдад жария зікірді алға қояды, бірақ құпия зікірді де терістемейді. Оның пікірінше құпия зікір жүрек оянып, фана мақамына жеткеде ғана жасалады. Ал жүрек ояну үшін жария зікір шарт» деп біледі.
Ұлықбек Жүнісбаев, ғылыми қызметкер.
Алдыңғы ақпарат

НАЙМАН, БАҒАНАЛЫ БАБЫР БИ БӨКЕНБАЙҰЛЫ (БӨКЕНІШБАЙҰЛЫ)

Келесі ақпарат

ҰЛЫ АБАЙ ДӘРІПТЕЛГЕН КҮН