МАҢЫЗДЫ :

nothing found

АЛҒЫ СӨЗ Махмуд Ерол Кылыч, профессор, IRCICА бас директоры

Құрметті оқырман, назарларыңызға ұсынылып отырған бұл Алғы сөз АҚШ ғалымы Девин ДиУистің «Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты кітабына арнап жазылған. Аталған кітапты «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Түркияның Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бірлесіп, қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарды.

АЛҒЫ СӨЗ

Махмуд Ерол Кылыч, профессор, IRCICА бас директоры

Сіздерге Орталық Азиядағы ислам мәдениеті мен сопылық тарихына арналған профессор ДиУистің еңбектерінен құралған бұл жинақты қазақ тіліндегі аудармасымен таныстыру мен үшін үлкен мәртебе. Профессор ДиУис соңғы қырық жыл ішінде жазған кітаптары, журналдық мақалалары және ұжымдық еңбектердегі тараулары секілді мол көлемдегі еңбектері әлемнің әртүрлі тілдеріне аударылған болатын.

Шағатай түркі, араб және парсы тілдеріндегі түпнұсқа қолжазбаларға, сондай-ақ тарихи баяндаулар мен эпикалық әдебиетке сүйене отырып, оның Орталық Азияда ислам мәдениетінің таралуы, дамуы мен мұрасы туралы зерттеулері бұл үдерістерді олардың шынайы болмысында көрсете білген. Профессор ДиУис қолданған әдістеме осы тақырыптарды, олардың өз геомәдени контекстінде қарастырып, ислам мен жергілікті мәдениеттердің түрлі қиылысу нүктелеріндегі өзара әрекеттесулерін – діни қайраткерлер мен философиялық дәстүрлер, олардың арасындағы байланыстар; халық мәдениеті мен әдебиеті; киелі орындар мен ортақ естеліктер, сондай-ақ аймақтағы мәдени тарихқа ықпал еткен басқа да факторлар мен тұлғалар арқылы зерделейді. Оның сопылық пен Йасауийа ілімдеріне қатысты еңбектері Қазақстандағы ғылыми орта үшін ерекше маңызды. Осы тақырып аясындағы оның жиырма тоғыз еңбегін тағы бір көрнекті ғалым – осы салада ұзақ жылдан бері танылған әрі IRCICA-ның Орталық Азия зерттеулері жөніндегі кеңесшісі Әшірбек Муминов басшылығымен жинақталып, қазақ тіліне аударылды.

Девин ДиУис, Әшірбек Муминов және осы бағыттағы басқа зерттеушілер Орталық Азиядағы ислам мәдениеті мен сопылық жөнінде қажетті дереккөздер мен талдау әдістерін ұсынып, бұған дейін бұрмаланған немесе жеткіліксіз ақпараттар салдарынан туындаған қате түсініктерді жоюда үлкен жетістікке жетті. Қолдарыңыздағы бұл кең көлемді басылым – профессор ДиУистің осы саладағы жетістіктерін көрсететін еңбек, сондай-ақ оның кең ауқымды зерттеулері мен пайдаланған дереккөздерін, әдістерін негізгі жұмыс тілі қазақ тілі болып табылатын зерттеушілерге қолжетімді етіп ұсыну арқылы оларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Аударылған мақалаларға кейінгі жарияланымдар туралы ақпараттар мен баспа жүзін көрген немесе қолжазба күйінде сақталған бастапқы дереккөздердің тізімі, сондай-ақ толыққанды көрсеткіштер қосылды.

IRCICA – ислам мәдениетінің тарихы мен өміршең мұрасын, ғылымы мен философиялық дәстүрлерін әртүрлі геомәдени аймақтарда зерттеуге, білім беруде қолдануға, баспа ісі және ғылыми ынтымақтастықты ілгерілетуге үлкен мән береді.

Бұл кітап Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстанда, осы бағыттағы маңызды еңбек болмақ. Ол – біздің орталығымыз бен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде сопылық пен Йасауийа зерттеулеріне арналған тағы бір құнды дүние. Осы кітап жобасы аясындағы серіктестігі үшін музей-қорыққа және Индиана университетіне шынайы алғысымды білдіремін!

Сонымен қатар, бұл еңбектің жарық көруіне рұқсат берген профессор ДиУиске, бастаманы көтеріп, оны жүзеге асырған профессор Әшірбек Муминовке, құнды еңбекті түпнұсқадан, яғни, ағылшын тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударған Камила Муминоваға және осы істің жүзеге асуына атсалысқан жұмыс тобына (д-р Ұрқия Утепбергенова, Нұрлан Дүкенбаев, Селахаддин Уйгур, д-р Бағдат Дүйсенов, Жазира Жарекеева және Шыңғыс Жүнісбаев) алғысымды білдіремін!

 

Алдыңғы ақпарат

Дәстүрлі жұма

Келесі ақпарат

«ТҮРКІСТАН. МЫҢЖЫЛДЫҚТАР СӘУЛЕСІ» атты көшпелі көрме