Кесенедегі XIV ғасырдан сақталып келе жатқан екі есіктің бірі қабірхана есігі. Бұл есік орта ғасырлық оюлы есіктердің тамаша үлгісі болып табылады. Есік екі жақты ашылады, ұсақ сүйектермен әшекейленіп ергенектері қаңылтырмен қапталып ондағы жазулар алтынмен апталған. Бұл есіктегі араб және парсы тіліндегі жазуларды алғаш толық оқып, ғылыми түрде сипаттап, қазақ тіліне аударған – мәтінтанушы ғалым Сайпулла Моллақанағатұлы. Есіктің жоғарғы жағындағы екі шаршының ішінде ойылып өрнектелген гүл мен жапырақтардың арасында сулус қолтаңбасымен жазылған Пайғамбардың (ғ.с) хадисі орын алған. Есіктің ортаңғы бөлігінде, жарты бағанада куфа қолтаңбасымен парсы тілінде жазылған жазу: «құтты болсын», — деген сөз. Есіктегі екі қола пластина бетіндегі айналдырыла сульс қолтаңбасымен жазылған жазулар бар. Ал есіктің ергенегіндегі қапталған қаңылтырдағы жазулар есікті айналдыра геометриялық медальондар ішіне сулус қолтаңбасымен жазылған.








