2025 жылғы 23 шілде күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Әзірет Cұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығымен бірлесе ұйымдастырылған «Абай әлемі және Ясауи» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталмыш шара Семей қаласы ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлағатты өлке – Абай, ұлылар мекені – Семей» атты ауқымды акция-челленджімен тұспа-тұс келді. Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған Абай музей-қорығының директоры Ұлан Болатұлы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқан көрменің маңыздылығына һәм халқымыздың рухани ұстындары — Ясауи мен Абай мұрасының қоғамда кеңінен дәріптелуіне айрықша тоқталып өтті. Келесі сөз кезегін алған Халықаралық қазақ тілі қоғамының Президенті, Семей қаласының құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері, Шәріпбаев Орал Тоқтарұлы: «Ясауи мен Абай мұрасы қазақтың рухани тұрғыда жетіліп, алға қарыштауының кепілі, мәуелі мәдениетіміздің мызғымас темірқазығы» — деп, жүрекжарды пікірін білдірді. Мұнан өзге Семей қаласының құрметті азаматтары мен зиялы қауым, мәдениет өкілдері, сондай-ақ Абай облысының Абай ауданы, Қарауыл ауылдық ЖОББ мектебінің 7-11сынып оқушылары осы шарамызға арнайы қатысып, Ясауи хикметтері мен Абай өлеңдерінен шырын шумақтарды нақышымен жатқа айтып, жиылған көрерменнің ет жүрегін елжіретті. Шынында, бүгін Семей төрінде қос дара тұлғаның өміршең жырлары шырқалып, жас-кәрінің кеудесін ғаламат қуанышқа бөледі.
Талабы таудай өнерпаз оқушылар жыл сайын «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы ұйымдастыратын дәстүрлі «Ясауитану» байқауы мен Абай оқулары байқауларына қатысып жүрген дарабоз жүлдегерлер.
Көрменің мақсаты:
А.Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ақынның өмірі мен шығармашылығын, мол мұрасын насихаттау және түркі әлемінің ұлы ұстазы Қожа Ахмет Ясауи мен оның мектебінің көрнекті өкілдерінің XII–XIX ғасырлар аралығында жазған құнды еңбектерін ұсыну;
Музей-қорық қорындағы кітаптар мен қолжазба, естеліктер, экспонаттар арқылы ойшылдардың ой-танымымен, шығармашылығының қайнар көздерімен таныстыру;
Тақырыпқа байланысты тұрмыстық заттар мен макет, баспа өнімдер, қолжазба, естеліктерді көрермендер назарына ұсыну.
Көрме экспозициясына Абай Құнанбайұлына қатысты музей қорындағы қолжазбалар, естеліктер, музыкалық аспаптар, фотосуреттер және ғұлама-данышпан Қожа Ахмет Ясауидің ғибратты ғұмыры мен өміршең мұрасын айшықтайтын майлы бояулы суреттер, XIX ғасырларға тән сирек қолжазбалар, Ясауидің төл туындылары мен ақиқатты жырлап өткен сопылық жолдың өкілдері Сопы Аллаяр, Қожа Хафиз, Әлішер Науаи, Сүлеймен Бақырғанидің қолжазба еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияға шығарылып отырған бірегей жәдігердің бірі көне түркі тіліне аударылған Х ғасырдың қолжазба құран кітабы.









