Жәдігер 2005 жылы Сидақ археологиялық ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ҮІІ-ҮІІІ ғасырға тән археологиялық қабаттан табылған. Зооморфтық бейнеде (аң бейнелі) жасалған жәдігер шырақ ретінде де, түтеткіш ретінде де қолданылған құралға ұқсайды. Дәл осы үлгідегі аналогтар басқа ешбір археологиялық ескерткіштерде кездеспеген. Алайда, тап осы Сидақ қала жұртынан осыған ұқсас тағы бір бүтін түтіндеткіш (ҮІІ-ҮІІІ ғғ.), Ескі Түркістан қала жұртынан қошқар бейнелі шырағдан (ХҮІ-ХҮІІ ғғ.), Отрар, Күйік Мардан, Алтын төбеден жылқы, түйе және басы адам басы түрінде жасаған түйе пішінді шырағдан-түтіндеткішер (ҮІІІ-ІХ ғғ.) табылғаны белгілі. Бұл ыдыстарды жарық беретін шырағдан есебінде де және адыраспан, жусан тұқымдас шөптерді үгітіп, түтіндетіп қою үшін де пайдаланған.
Жәдігердің 40-45 пайызы ғана сақталған, бір жақ бөлігінде белгісіз жыртқыш аңның басы мен денесінің жарты бөлігі сақталған. Іші қуыс болып жасалған. Қажет болған жағдайда, музей экспозициясына шығару үшін толық бейнесін қайта қалпына келтіруге тура келсе, экспонаттың сақталған бөлігін айнадағы қайталау әдісін қолдану арқылы экспонаттың жойылған бөлігін (зеркальное отражение формы) қалпына келтіру реставрация талаптарында жиі кездесетін әдіс. Бірақ, түп нұсқадан түсі, материалы жағынан өзгерісі болуы шарт. Қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында артефакттың сақталмаған бөлігі, сол бөліктегі аң басы бейнесі және ортадағы пілте орны гипспен толықтырылып, қайта қалпына келтірілді. Қайта қалпына келтірілген бөліктер жәдігердің түсіне жақын келетін бояумен (гуашь) боялды. Жәдігердің метрологиялық көрсеткіштері: ұзындығы — 21,05 см, биіктігі — 12 см.