Түркістанда туып, ұлтының ұлына, халқының қазыналы қариясына, абыз ақсақалына айналған академик Рахманқұл Бердібайұлы 1988 жылдың 11 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, құрметті қонақтарға арналған қолтаңба журналына былай деп өз пікірін қалдырған екен:
«Қазақстан жеріндегі Ұлы архитектуралық ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру жөніндегі істелген жұмыстарды көрдік. Бірсыпыра қажет, пайдалы істер атқарылған. Бұл үшін ұсталарға рахмет айтамыз. Бірақ көңілге қаяу түсіретін көріністер де бар.
1. Мавзолей төбесіндегі ең үлкен күмбезге баттастырыла көк бояу жапсырылуы нағыз біліксіздіктің белгісі. Бұрын бұл күмбез күннің әр мезгілінде өзгеше рең беріп, құлпырып тұратын еді…
2. Ғимараттың кейбір тұстарының тозып, құлау қаупінің туғаны ерекше көңіл бөлуді керек етеді. Бұл мәселені жылдарға созбай, жедел шешкен дұрыс. Қажет болса осы мавзолейді реставрациялау жайында бүкілодақтық симпозиум өткізуге болады…
3. Эрмитаждағы қазан қайтарылуы шарт…
Бір сөзбен айтқанда Ұлы ескерткіштің сапалы, сәнді қалпын сақтау үшін жұртшылық болып күресуіміз керек…»
Ұлт қайраткерінің қолтаңбасынан киелі кесенеге деген шынайы жанашырлығы көрінсе, екінші жағынан ол кісінің кесененің сақталу жағдайына қатысты атап көрсеткен мəселелері, өкінішке қарай, бүгінгі күні де өзекті болып қалып отыр. Ендеше Р. Бердібайұлының «Ұлы ескерткіштің сапалы, сəнді қалпын сақтау үшін жұртшылық болып күресуіміз керек…» деген өсиеті де бір сəт назардан тыс қалмауы тиіс.